Сирия президенті Башар Асадтың әскері қоршауында қалған Шығыс Ғута анклавында жалғасып жатқан қарулы шайқас кесірінен сол аймақтағы тұрғындарға арналған гуманитарлық жүкті жексенбі күні жеткізу мүмкін болмады. Reuters агенттігіне бұл туралы БҰҰ өкілі хабарлаған.
Дамаскінің шетіндегі үкімет әскері қоршауындағы анклавтағы сан мыңдаған адамға 40 шақты үлкен көлікке тиелген гуманитарлық жүк жөнелтілген болатын.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 30 күн мерзімге атысты тоқтату туралы қарар қабылдағанына қарамастан Шығыс Ғутада қарулы шайқастар жалғасып жатыр. Жанжалға қатысушы тараптар бітім келісімін бұзды деп бір-бірін айыптайды. Сирия мен Ресей биліктері өкілдері тек БҰҰ қарарының күші жүрмейтін "терроршыларға" қарсы әскери іс-қимыл жасап жатырмыз дейді. Соңғы бірнеше күнде Асад әскері анклавтың шығысындағы бірнеше кентті өзіне қаратқан.
Сириялық оппозиция өкілдері бейбіт тұрғындар бұл аудандардан Шығыс Ғута орталығы Дума қаласына қашып барып жатқандарын айтады. Ресей әскери басшылығы болса, анклав тұрғындарына арнайы "гуманитарлық дәліздер ашылған, одан шығуларына қарулы оппозиция топтары бөгет жасайды" деп мәлімдеген.
Жексенбі күні БҰҰ бейбіт тұрғындарды "ұжымды түрде жазалау" "қабылданбайтынын" айтып, жанжалға қатысушы тараптарды атысты доғаруға тағы да шақырған.