Accessibility links

Жойқын қарумен "жұдырық көрсету"


Ресей президенті Владимир Путиннің жолдауын үлкен монитордан қарап отырған журналистер. Мәскеу. 1 наурыз, 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің жолдауын үлкен монитордан қарап отырған журналистер. Мәскеу. 1 наурыз, 2018 жыл.

Президент Владимир Путин Ресейдің «теңдессіз ядролық зымыран қаруына ие болғанын» мәлімдеп, Мәскеу «одақтастарына бағытталған ядролық соққыны өзіне қарсы жасалған шабуыл» деп қабылдайтынын ескертті. Кей сарапшылар Путин мәлімдемесі – президент сайлауы алдындағы электоратқа арналған саяси бағдарлама деп санайды.

ӘСКЕРИ АЙБЫНЫ БАСЫМ ЖОЛДАУ

Ресей президенті Владимир Путиннің өткен аптада Федералдық жиынға дәстүрлі жылдық жолдауы бұған дейінгі 13 жолдауынан «әскери айбынымен» ерекшеленді. Кремль басшысы екі сағатқа жалғасқан баяндамасының жартысына жуығын қорғаныс саласы мен стратегиялық қару түрлеріне арнады.

Әлемдегі ядролық қаруға ие державалардың бірінің басшысының баяндамасының бұл бөлігі өткен ғасырдағы «жанталаса қарулану» сарынында шықты.

Путин жолдауы кезінде көрсетілген гипердыбысты "Авангард" зымырандық кешенінің компьютерлік моделі.
Путин жолдауы кезінде көрсетілген гипердыбысты "Авангард" зымырандық кешенінің компьютерлік моделі.

Путин сөзінде АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесін дамытуына қарымта ретінде Ресейдің атмосфераның жоғарғы қабатында гипердыбыстық жылдамдықпен ұшатын зымыран, терең су астында алыс қашықтыққа өздігінен жүзетін ядролық энергетикалық қондырғысы бар аппарат және құрлықаралық баллистикалық ядролық зымыран тәрізді қару-жарақ түрлерін жетілдіргені туралы айтты. Ол сөйлеп тұрған кезде жаңа зымыранды бейнелейтін видеороликтер мен компьютерлік графикалар көрсетілді. Ресей президенті АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесінің күшейтілгеніне байланысты ресейлік баллистикалық зымырандар оны айналып өтетін жүйемен жабдықталатынын айтты.

«Енді бізге ешқандай зымыранға қорғаныс жүйесі бізге бөгет бола алмайды», - деді Путин.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ

Кремль басшысының жаңа мәлімдемесін шартарапта талқыға салып жатқан шақта, өткен аптада Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық қаруға тыйым салу туралы халықаралық шартқа 57-мемлекет ретінде Қазақстан қол қойды. Сыртқы істер министрілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның атынан аталған шартқа БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойған.

"Жаппай қырып-жою қару түрлерінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заңды түрде тыйым салынбаған. Осыған байланысты шарттың негізгі түйіні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын "Тыйым салу" атты 1-бабы болып табылады. Аталмыш шарт халықаралық құқықтық саладағы осы бір заңдық кемшілікті жоюға бағытталған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр", - делінген СІМ хабарламасында.

Өткен жылы шілдеде қабылданған ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа БҰҰ-на мүше 122 мемлекет қолдау танытқан. Қазақстанға дейін шартқа 56 ел қол қойып, бесеуі оны ратификациялаған. Халықаралық шарт елуінші ратификациялық грамотасы сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күннен соң күшіне енеді.

Әлемде жойқын қарудың бұл түріне біржола тыйым салатын шартқа қосылу бойынша келіссөздерге қатысудан бас тартқан ядролық қаруға ие тоғыз мемлекеттің арасында АҚШ пен Ресей де бар.

«АМЕРИКАҒА ЖҰДЫРЫҚ КӨРСЕТУ»

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Ресей президенті Владимир Путиннің биылғы жолдауын «Кремльдің Америкаға көрсеткен жұдырығы» деп бағалайды.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

- Путиннің сөзіне сенсек, шынымен Ресей күшейіп кеткен. Мықты қару-жарағы бар екен. Сыртқы саясатта, кімнің күші, қаруы бар, қорғанысы мықты - соныкі дұрыс. Мүмкін бұл дұрыс емес шығар, бірақ өмір шындығы сондай. Америка енді біздің аймаққа – Орта Азия аймағына жақындай алмайды. Ресей жолатпайды, - дейді Бейсебаев.

«Қырғи-қабақ соғысы» кезеңінің ядролық жойқын мұрасынан өз еркімен бас тартып, әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге шақыруын жалғастырып келе жатқан Қазақстан мен жақын одақтасы Ресейдің бұл ұстанымына байланысты араларында ешқандай түсініспеушілік болуы тиіс емес деп санайды ол.

- Біздің президент қару-жараққа қарсы емес, «ядролық қару өзгелерге таратылмасын» деген. Бұл таратуға жатпайды. Қателеспесем, ядролық қару-жарақтың 90 пайызы осы АҚШ пен Ресейдің қолында, - дейді Қазбек Бейсебаев.

«САЯСИ БЛЕФ»

Саясаткер Әміржан Қосанов «Ресей мен Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бірігіп күресеміз деген өзара міндеттемелері жоқ» екенін айтады. Ол Ресей президентінің бұл жолдауынан еш өзгеріс болмайды деп санайды және Путиннің кей сөзіне күмән келтіреді.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

- Меніңше, Путиннің ядролық қаруды дамытып жатырмыз дегенінің өзі - саяси блеф. Жемқорлыққа салынған Ресейдің әскери өнеркәсіп кешені қандай жағдайда екенін біз көріп отырмыз. Меніңше, мұның барлығы сол шетелдегі аудиория үшін емес, өз еліндегі электоратқа қарата жасалған белгі. Сайлау алдындағы халықтың ойын басқа жаққа аударудың бір амалы деп білемін. Путиннің тезисінен идеологиялық немесе геосаяси салмақты көріп тұрған жоқпын, - дейді Әміржан Қосанов.

Оның пікірінше, «Путиннің сөздері Еуропа мен АҚШ-қа қандайда бір әскери қауіп төндірмейді». Ал Қазақстан Ресейдің ядролық қаруынан емес, идеологиялық саясатынан сақтануы керек деп ескертеді ол.

XS
SM
MD
LG