Accessibility links

Сайлау туралы алты тұжырым


Ресейдегі парламент сайлауы бюллетеньдерін санау сәті.
Ресейдегі парламент сайлауы бюллетеньдерін санау сәті.

Ресейде қыркүйектің 18-і күні Мемлекеттік дума сайлауы өтті. Ресми дерек бойынша «Единая Россия» партиясы жеңіске жеткен. Қазір парламенттің төменгі палатасында бұл партияның 238 мүшесі отырса, енді 300-ден астам орынды иеленбек.

Билікке адал өзге үш партия да Думада қалады, ал Кремльдің либералды қарсыластары үлестен құр қалды. Сайлаудан кейін қандай ой түюге болады?

ПУТИН БИЛІГІН КҮШЕЙТУ

Президент Владимир Путин партиясының жеңісін «жақсы нәтиже» деп атады. Бұны сайлау қорытындысын кемсіту десек те болар. Мемлекеттік думада сенімді партияның 300-ден астам өкілі отырғанда Путин 2018 жылғы президенттік сайлауға дейін заң шығарушы органды бұрынғыдан да қатаң бақылайды.

Сарапшылар осылай болжайды және заң шығару мекемесі оның негізгі қаруы екенін ескертеді. Ол билікті сақтап қалу, күшейту және ықтимал қарсыластарын қудалау үшін Думаны пайдалануы мүмкін.

Ресей президенті Владимир Путиннің дауыс беру сәті. Мәскеу. 18 қыркүйек, 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің дауыс беру сәті. Мәскеу. 18 қыркүйек, 2016 жыл.

Путин тағы да алты жыл ел басқару үшін сайлауға түседі деп болжаушылар бар. Шынымен солай болса, ол оп-оңай жеңіске жетеді. Бірақ конститутция бойынша ол 2030 жылға дейін (бұл кезде 78 жаста болмақ) сайлауға түсе алмайды.

Демек, төртінші рет билікті қолға алғанда ол «Ақсақ үйрекке» («Lame duck», АҚШ-та орнынан кететін, ықпалы азайған президентті осылай атайды - ред.) айналады. Конституциялық топтың басым көбі өзін қолдаса, Путин заңды қалауынша өзгерте алады. Ол сенімді мұрагерлік үрдісін жалғастыру, өмір бойы президент болып қалу немесе билікті сақтаудың басқа да әдісін таңдай алады.

САЙЛАУШЫЛАРДЫ САНАЛЫ ТҮРДЕ АЗАЙТУ

Ресейдегі экономикалық мәселелер партияның беделіне нұқсан келтіргені анық. Сондықтан Кремль «Единая Россия» Думада қалуы үшін бірқатар шара қабылдады. Бақылаушылардың айтуынша, олар алдымен сайлаушылардың аз болуын көздеген.

Сайлау күнін желтоқсаннан қыркүйекке жылжытып, сайлау науқанына бөлінген уақытты азайтты. Жаздың соңғы күндерінде тұрғындардың дауыс беруге құлықты болмайтыны тағы бар.

Сертолово елді мекенінде дауыс беріп тұрған сарбаздар. Ленинград облысы. 18 қыркүйек, 2016 жыл.
Сертолово елді мекенінде дауыс беріп тұрған сарбаздар. Ленинград облысы. 18 қыркүйек, 2016 жыл.

Осылайша биліктің ырқына еріксіз көнетін мемлекеттік қызметкерлер, солдаттар, тіпті психиатриялық емхана емделушілері тәрізді сайлаушылар есебінен бюллетень санын молайтады. Бұл әдіс нәтиже берген тәрізді: ресми дерекке сай, бүкіл елдегі сайлауға қатысу 47,81 пайызды құраған.

2011 жылы сайлаушылардың 60 пайызы келді деген еді, бірақ сол кезде биліктегі партия алаяқтық жасады деп сынаушылар көп болды. Ел ішінде шеру болып, Кремль біраз қобалжыған болатын.

Биыл ірі қалаларда сайлаушылар саны өте төмен, бұнда үкіметтің қарсыластары мен өзгерісті аңсайтын ресейліктер көп тұрады. Мәскеуде сайлаушылардың 35 пайызы дауыс беруге келсе, Путиннің туған қаласы Санкт-Петербургтегі бұл көрсеткіш одан да аз.

МИЛЛИОНДАҒАН САЙЛАУШЫ ҚҰҚЫҒЫ

Заң тұрғысынан алғанда, сайлаушылардың аз болуы «Единая Россия» партиясының абыройына кір келтіреді. Либерал қарсыластарын қыжыртқан кезде Путин көптен асқан күш жоқ екенін жиі ескертеді.

Бірақ қарапайым есепке жүгінсек, постсоветтік кезеңде бірінші рет Дума сайлауына қатысқан ресейліктер саны тұрғындардың жартысына да жетпей тұр. «Единая Россия» жаңа Думадан көп орын алғанымен, мандатының күші бұрынғысынан әлсіздеу деген сөз.

"Единая Россия" партиясының Симферопольдағы жиынына қатысушылар. Қырым. 16 қыркүйек, 2016 жыл.
"Единая Россия" партиясының Симферопольдағы жиынына қатысушылар. Қырым. 16 қыркүйек, 2016 жыл.

Бірақ 80 пайыздан жоғары дегенді естігенде кеудесіне нан пісетін Путин бұған қынжыла қоймайды. Ол «Единая Россия» партиясын өзге емес, өз пайдасына пайдалануға әрқашан да әзір. Алайда сайлаушылардың аз келуі Путинге басқа мәселе тудырады.

Кремль бұл сайлауды демократияға қарай адымдау деп сипаттағанымен, миллиондаған ресейліктер дауыс бере алмай қалды. Демек, 2011-2012 жылғы шеруге себеп болған дәрменсіздік пен құқығын қолдана алмау сезімі қайта күшеюі мүмкін.

ОППОЗИЦИЯДАҒЫ ЕКІҰДАЙЫЛЫҚ

2003 жылдан бері бірінші рет Думадағы 450 орынның жартысы партиялық тізім емес, «бір мандатты» округ сайлауы бойынша толып отыр. Бұл өзгеріс Кремль қарсыластарына жалған үміт сыйлады. Теория бойынша, партиялық тізім сайлауында 5 пайыздық шектен өте алмаған партиялар мен жекелеген үміткерлер орынға ие болуы мүмкін еді.

Либералдық демократиялық партия жетекшісі Владимир Жириновский сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Мәскеу. 18 қыркүйек, 2016 жыл.
Либералдық демократиялық партия жетекшісі Владимир Жириновский сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Мәскеу. 18 қыркүйек, 2016 жыл.

Тәжірибе жүзінде ондай сәттілік болмады: либерал үміткерлердің ешбірі орын иеленбеді. Мәскеу округінде сайлауға түскен либерал оппозициялық депутат Дмитрий Гудков денсаулық саласының бұрынғы басшысы Геннадий Онищенкодан жеңілді. Бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковский қолдайтын Мария Баронова да үмітті ақтай алмады.

Бұл сайлаудан соң Путинге қарсы саясаткерлер мен азаматтарды бір сауал әлі де мазалайды. Сайлауға қатысып, қалай да өзгеріс жасауға тырысу керек пе? Әлде Кремль сыншысы Гарри Каспаров айтқандай бұның бәрі бос әурешілік, Путин ғана ұтатын өтірік ойын ба?

Оппозиция өкілдері сайлауға дейін де осы сұраққа жауап іздеп, екіге жарылды. Ал Кремль демократияға қарай бір қадам алға жылжыдық, қарсыластарымызды қолдайтындар аз деп даурығатын болар.

"БІР МАНДАТТЫҢ" КҮШІ

«Бір мандаттық» сайлау округтерінн ешбір либерал оппозиционер жеңіске жетпеді. Ал жеңгендердің өткеніне көз салсақ, олардың Путиннің қолдайтынын байқаймыз.

Олардың ішінде Онищенко, гейлерге қарсы петербургтік депутат Виталий Милонов пен кремльшіл журналист Петр Толстой бар.

Бірақ «бір мандат» иегерлерінің артуы Путиннің билігіне болашақта кері әсерін тигізуі мүмкін. Кремль сыншылары олардың нақты қарсыластардан озып шыққанын ескертеді. Демек, өздерін біршама тәуелсіз сезінетін "бір мандаттық" депутаттар партиялық тізім бойынша орын иеленгендердің уәжіне көнбеуі мүмкін.

ШЕТЕЛДІК ЫҚПАЛ

2011 жылдың желтоқсанында өткен Дума сайлауында заң бұзушылық көп болып, ел ішінде наразылық шеруі өтіп, Батыстың Кремльдің сынағаны белгілі. 2012 жылы қайтадан билікке отырған Путин әділ сайлау өткізу мүмкіндігін қолдан жібермес деген үміт болды.

Украинаға қатысты агрессиялық әрекетінен соң Ресей әлемнен оқшауланып қалды, Батыс елдерінің санкциясына ілінді. Енді Ресей АҚШ пен ЕО шешімін өзгертсе дейді.

Ресей орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова.
Ресей орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова.

Құқық қорғаушы Элла Памфилова «сиқыршы» деген атауды иеленген Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Владимир Чуровтың орнын басты. Бірақ Путиннің Ресейін демократиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды деп санайтын шетелдік үкіметтер сайлау нәтижесіне қарап жұмсара қоймас.

Сайлауда заң бұзғандар бойынша деректер көптеп түсті. Біадаманың бірнеше рет дауыс беруі, құпия дауыс беру тәрізді жағдайлар тіркелді. Мұның бәрін көріп отырған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да ризалық танытпады.

ЕҚЫҰ бақылау миссиясының төрағасы Ресейде мемлекеттік БАҚ-тың билікке жалтақтауы, Кремльдің азаматтық қоғамды қатаң бақылауы және негізгі құқықты шектеу сайлауға көлеңке түсірді деді.

Ресей 2014 жылы Украинадан бөліп, басып алған Қырым түбегінде сайлау өткізгенін Батыс заңды деп санамайды. Қыркүйектің 17-сі күні АҚШ «басқыншылық жасалған Қырымда өтетін Ресей мемлекеттік думасы сайлауын заңды деп танымайтындарын және нәтижесін мойындамайтындарын» мәлімдеген еді.

Стив Гуттерманның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG