Шымкенттің Қаратау аудандық соты Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің 11-сынып оқушысы Нұрбек Тұрсынханды осы мектептің 10-сынып оқушысынан "қорқытып ақша алғаны үшін" екі айға қамауға алу туралы санкция берді. Бұл жайында Азаттыққа аудандық соттың төрағасы Ермахан Рахманберді хабарлады.
Ермахан Рахманбердінің айтуынша, Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне Қайнарбұлақ шағын ауданының тұрғыны Майлыбай Рысбаев арыз түсіріп, 2017 жылдың қазан айынан бастап 2018 жылдың ақпан айына дейін 83-мектептің 10-сыныбында оқитын баласынан Нұрбек Тұрсынханның "бірнеше рет ақша талап етіп, алғанын" жазған.
- Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алушылық") бойынша Нұрбек Тұрсынхан күдікті деп танылып, екі айға қамауға алу туралы санкция берілді, - деді Ермахан Рахманберді.
Оның сөзінше, сот күдіктіні қамауға аларда оның "тергеуден жасырынып кетуі мүмкін және қоғамға қауіпті екенін" ескерген. Күдіктінің сот санкциясына үш күн ішінде шағымдануға құқығы бар.