Ресейдің Вашингтондағы елшілігіАҚШ Мемлекеттік департаментіне Twitter әлеуметтік желісін АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуін ұйымдастыру үшін пайдалануды ұсынды. Бұл туралы хабарламаны Ресей дипломатиялық миссиясының баспасөз хатшысы Николай Лахонин Twitter-дегі парақшасында жариялаған. Оны АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерттің атына жазған.
Лахонин Нойертке ресейлік елшіліктің аккаунтына жазылып, өзара жазысатын жеке хабарламалар арқылы ресми шақыртулар алмасуды ұсынған.
ТАСС агенттігі бұған дейін Эфиопияда өзара жүздесуі мүмкін деп хабарланған Лавров пен Тиллерсон кездеспейтін болды деп хабарлады. Екеуі де Аддис-Абеба қаласында бір қонақ үйге түскен.
Ресейдің АҚШ-қа Эфиопияда келіссөздер ұйымдастыру жайлы ұсыныс білдіргені туралы наурыздың 5-і күні Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков хабарлаған. Келесі күні Хизер Нойерт Мемлекеттік департаментке ондай ұсыныс түскен жоқ деп мәлімдеген. Мұнан соң Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты "шындықты бұрмалады" деп айыптаған.