Accessibility links

Словакиядағы шеруде журналист қазасын тергеуді талап етті


Қастандық құрбаны болған журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированың суреті бар жазу ұстап тұрған демонстрант. Братислава, 9 наурыз 2018 жыл
Қастандық құрбаны болған журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированың суреті бар жазу ұстап тұрған демонстрант. Братислава, 9 наурыз 2018 жыл

Словакияда жұма күні үкіметке қарсы жаппай шеруге шыққан ел тұрғындары өткен айда қастандықпен өлтірілген словак журналисі Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированың қазасына қатысты тергеу жүргізуді талап етті. Ең үлкен жиын ел астанасы Братиславаның орталығында өтті. AFP және Reuters агенттіктері наразылық акциясына"ондаған мың адам" қатысқаны туралы хабарлады.

Бұл күні Словакияның ондаған қаласында және көрші Чехияның бірнеше қаласында манифестациялар өткен. Акцияға қатысушылар саясаткерлерге сөз бермеген, бірақ кей демонстранттар саяси талаптар қойған.

Словакиядағы қарсылық қозғалысы жетекшілерінің бірі Петер Надь журналисті өлтіру қылмысына байланысты халықаралық тергеу жүргізуге шақырған. Сонымен бірге ол "билікке жемқорлыққа батып, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы барлар емес, жұрт сеніміне ие бола алатын" адамдар келуі үшін үкіметті алмастыру қажеттігін айтқан.

Словакияның Aktuality.sk басылымының журналисі 27 жастағы Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированы Братиславадан шығысқа қарай 65 шақырым жердегі үйлерінде ақпанның 25-і күні белгісіз біреулер атып өлтірген.

Оқи отырыңыз: Коррупция мен мафияны жазған словак журналисін не үшін өлтірді?

Полиция наурыздың 1-інде қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жеті адамды ұстаған. Жергілікті басылымдар ұсталғандардың кейбірінің аты-жөні журналист Куциактың Словакияның шығысындағы италиялық мафия іс-әрекеттері және олардың словак премьер-министрі Роберт Фицоға жақын адамдармен ықтимал байланысы жайлы жазған соңғы зерттеу мақаласында аталған адамдардыкіне ұқсас екені туралы хабарлаған.

Наурыздың 3-і күні Словакия полициясы әлгі ұсталған жеті италиялық азаматты босатқан.

XS
SM
MD
LG