Accessibility links

Калифорнияда кепілге алынған үш адам мен күдікті ажал құшқан


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ-тың Калифорния штаты Йонтвилл қаласындағы ардагерлер үйінде қарулы ер адам мен ол кепілге алған үш әйел қаза тапқан. Бұл туралы Напа округі шерифіне сілтеме жасап Associated Press хабарлады.

Олардың жансыз денелерін наурыздың 9-ы күні, жергілікті уақытпен сағат кешкі алтының шамасында тапқан. Кепілге алынып, қазаға ұшыраған үш әйел – Ауғанстан мен Ирактағы соғыс ардагерлеріне қолдау танытатын The Pathway Home жекеменшік ұйымының қызметкерлері деп хабарлайды жергілікті басылымдар.

Жұма күні атыс қаруы бар, оқ өткізбейтін арнайы кеудеше киген белгісіз ер адам ардагерлер үйінде адамдарды кепілге алған. Ардагерлер үйі маңында атыс болғаны туралы алғашқы хабар полиция кезекшісіне жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10:45 кезінде түскен.

Napa Valley Register басылымының жазуынша, оқиға болған жерге жеткен полиция көлігіне әлгі адам оқ жаудырған. Шенеуніктер күдіктімен сегіз сағат бойы байланысқа шыға алмағандарын айтқан. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, 36 жастағы күдікті соғыс қимылдарына қатысқандарға арналған бағдарлама бойынша осы ардагерлер үйінде жатқан, оны осыдан екі апта бұрын шығарып жіберген.

АҚШ-тағы ең ірі саналатын Йонтвилл ардагерлер үйі 1984 жылы ашылған. Оның пациенттері арасында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, сонымен бірге Корея, Вьетнам, Ауғанстан мен Ирактағы соғыс қимылдарына қатысқандар бар. Жұма күні қарулы шабуыл кезінде онда бір мыңнан аса адам болған.

XS
SM
MD
LG