Accessibility links

Словакия премьері отставкаға кетуге әзірлігін мәлімдеді


Роберт Фицо, Словакия премьер-министрі.
Роберт Фицо, Словакия премьер-министрі.

Словакия премьер-министрі Роберт Фицо елдегі жаппай наразылық акцияларынан соң отставкаға кетуге әзір екенін мәлімдеді. Фицо өз шешімі туралы 14 наурызда ел президенті Андрей Кискаға хабарлады.

Словакия БАҚ-ы Фицоның отставкаға кету үшін бірнеше шарт қойғанын хабарлайды. Премьер отставкаға кеткен жағдайда елде қайтадан парламент сайлауын өткізбеуді және жаңа премьер-министрді өзі басқаратын Социал-демократиялық партиядан тағайындауды сұраған.

Словакияның Aktuality.sk басылымының журналисі 27 жастағы Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированы Братиславадан шығысқа қарай 65 шақырым жердегі үйлерінде ақпанның 25-і күні белгісіз біреулер атып өлтірген.

Журналист халықаралық Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығымен бірлесіп словакиялық саясаткерлердің Италия мафиясымен ықтимал байланысын зерттеген. Словакия полициясы Куциактің қазасы оның кәсібімен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

Оқи отырыңыз: Коррупция мен мафияны жазған словак журналисін не үшін өлтірді?

Ян Куциактің өлімі Словакияны саяси дағдарысқа тіреді. Журналист қазасынан соң Словакияда мыңдаған адам наразылық акциясына шығып, үкіметтің отставкаға кетуін және елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді талап еткен. Словакия министрлер кабинетінің бірнеше өкілі отставкаға кетті. Словакия президенті Андрей Киска журналист өліміне байланысты саяси дағдарыс туындауынан қауіптеніп, үкімет құрамын өзгертуді немесе мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG