Accessibility links

Волоколамскідегі зиянды газ тараған жерге мамандарды жіберді


"Ядрово" қоқыс полигонын жабуды талап етіп тұрған Волоколамск тұрғындары. (Көрнекі сурет)
"Ядрово" қоқыс полигонын жабуды талап етіп тұрған Волоколамск тұрғындары. (Көрнекі сурет)

Мәскеу облысының үкіметі маман дәрігерлерден тұратын арнайы топты Волоколамск ауданында улы зат тараған "Ядрово" қоқыс полигонындағы оқиға салдарын жойғанға дейін жұмыс істеуге жіберу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевке сілтеме жасап "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Оның сөзінше, Волоколамскге пульмонолог, дерматолог тәрізді осы сала бойынша білікті саналатын 12 дәрігер жіберілмек. Сонымен бірге, қала орталығында ауа құрамын тікелей режимде көрсететін арнайы табло ілінетін болады деп хабарлаған губернатор.

Наурыздың 21-і күні Волоколамск маңындағы қоқыс төгетін "Ядрово" полигонында ауаға күкіртті сутек тараған. Волоколамск білім басқармасы лоқсып, бастары айналғаны туралы шағыммен дәрігер көмегіне жүгінген, кейбірі жергілікті ауруханаға түскен 50-ден астам мектеп оқушысының улануын осы оқиғамен байланыстырады.

Бұл оқиғадан кейін жаппай наразылық танытқан тұрғындар шеруге шығып, биліктен"Ядрово" күресінін дереу жабуды талап еткен. Волоколамскіге барған Мәскеу облысы губернаторы Андрей Воробьев пен Волоколамск ауданы басшысы Евгений Гавриловты аурухана маңына жиналған жүздеген адам "Масқара!", "Адам өлтіруші!" деп айғайлап қарсы алып, билік өкілдеріне қар лақтырған.

Оқи отырыңыз: Уланған балалардың ата-аналары билікке наразы

Ресей тергеу комитеті қоқыстан тараған газдан улану жайлы хабарларға байланысты тексеру жұмыстары бастаған. Наурыздың 24-інен бастап "Ядрово" полигонына қоқыс апаруға тыйым салынады деп хабарлады "Новости" агенттігі Мәскеу облысы үкіметіне сілтеме жасап.

"Ядрово" полигонынан зиянды зат тарауына байланысты наурыздың 7-і күні Волоколамскіде төтенше жағдай режимі жарияланған.

XS
SM
MD
LG