АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың 2018 қаржы жылына арналған бюджеті туралы заңға қол қойды. Ол көңілінен шықпайтын құжатқа лажсыздан қол қоятынын айтты.
"Бұл заң жобасының көңіліме жақпайтынына себеп өте көп. Ондағы көптеген баптар бұл жобаға кірмеуі тиіс еді. Бірақ біз қарулы күштерімізді қалпына келтіру үшін [құжатты бекітуге] мәжбүрміз. Менің басты міндетім – Американың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Одан маңызды ештеңе жоқ", - деп мәлімдеді Трамп заңға қол қою рәсімінде.
Ақ үй басшысы бекітіліп отырған бюджет АҚШ қорғанысын елеулі түрде нығайтуға және "армияны қажетті кемелер, ұшақтар, сүңгуір қайықтармен" қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен бірге ол егер болашақта көптеген тұстарымен өзі келіспейтін болса, ондай бюджетті бекітпейтінін ескертті. Трамп заң жобасына вето қойғысы келгенін, бірақ құжатта қарастырылған қорғаныс саласын қаржыландыруға қатысты баптарға байланысты ол ойынан қайтқанын айтты.
Президент бекіткен заң АҚШ үкіметін 2018 жылғы қыркүйектің соңына дейін қаржыландыруға мүмкіндік береді.