Кемерово соты 64 адам қаза тапқан өрт ісі бойынша "Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығының басқарушысы Надежда Судденокты екі айға қамады. Бұл жайында "Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі хабарлады.
Судденок әзірге кінәлі екенін мойындамаған. Ол сотта 25 наурызда кино залының тексерушілері өзіне өрт шыққан соң залдағы көрерменнің барлығы эвакуацияланғаны туралы хабарлағанын мәлімдеді. Судденок сонымен қатар залдардың есігі ешқашан бекітулі болмағанын, көрермендер залға еркін кіріп-шығып жүргенін айтты.
Орталық күзетшісі Сергей Антюшин де екі айға қамалды. Ол бұған дейін өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген. Тергеушілердің долбарынша, күзетші өрт басталғанда дабыл белгісін қоспаған. Антюшин төтенше жағдайда дабыл қағатын жүйе бұрыннан жұмыс істемей тұрғанын айтады.
Өрт ісі бойынша барлығы бес адам ұсталды. Тергеу болжамына қарағанда, ғимаратта қауіпсіздік шаралары жасалмаған, ал күзетшілер адамдарды дұрыс эвакуациялай алмаған.
Оқи отырыңыз: Ресей халқы аза тұтып жатыр
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сауда орталығындағы өрттен 64 адам қаза тауып, 40-тан астам адам жараланған. Құрбандардың көпшілігі - балалар.