Бір кездері АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп пен оның бұрынғы әйелі Ивананың иелігінде болған жеке зәулім үй саудаға қойылды. Мүлікті сатушы Коннектикут штатындағы бұл үйді 45 миллион долларға бағалаған.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, үйдің қазіргі иелері Роберт және Сьюзан Штайнбергтер көлемі 1800 шаршы метр үйді бірнеше жылдан бері өткізе алмай отыр. Үй сатылатыны туралы жарнамада оның сегіз жатын бөлмесі, 13 ванна бөлмесі мен сегіз алау жағатын ошағы (камин) бары айтылған. Сонымен бірге үйдің жанында гольф алаңы, жүзу бассейні мен дайын айлағы бар. Бұл айлақтан қайықпен Лонг-Айлендке жетуге болады.
Жылжымайтын мүліктер туралы деректерге сәйкес, бұл үйді Дональд Трамп пен әйелі Ивана 1980-жылдардың бас кезінде төрт миллион долларға сатып алған. 1992 жылы Трамп пен Ивана некеден ажырасқан. Алты жылдан кейін Ивана Трамп бұл үйді ерлі-зайыпты Штайнбергтерге 15 миллион долларға сатқан.