Астанада он шақты адам Дүниежүзілік аутизм проблемалары туралы ақпарат тарату күнінде көк шар ұшырды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шар ұшыру кезінде полиция шараға келгендердің құжаттарын тексерді.
Азаттық тілшісі "Бәйтерек" монументі жанына барғанда полиция қызметкері мен бірнеше жас арасында билік "экстремистік ұйым" деп тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы да сөз болып жатты. Учаскелік полиция инспекторы Ағыбай Ділметов шараға шар ұшырылуына байланысты емес, "жедел алдын алу шарасы" аясында қадағалап, адамдардың телефон, құжатын тексеріп жүргенін айтты.
Шара өткізген жастар шараны аутизм күні байланысты өткізіп жатқанын, ұшырған шарының "ҚДТ" қозғалысына қатысы жоғын айтады.
Астана тұрғыны Саяш Бүркітбаев бала күнінен аутизммен ауыратын ағасының көз жұмғанына бір жарым жыл болғанын айтты.
- Дүниежүзілік аутизмге қолдау жасайтын шараға үкімет бізге көңіл бөлсін бала-шағамызбен шығып отырмыз, - деді Саяш Бүркітбаев.
Бұдан бұрын наурыз мейрамында полиция көшеде көк және көгілдір түсті шар ұстап жүрген азаматтарды тоқтатып, құжаттарын жаппай тексеріп-жазып алған. Полиция суретке түсіріп, полиция автобусында арнайы журналға ұсталғандардың жеке мәліметтерін жазып алған. Қазақстан билігі мұны нақты не үшін жасағанын айтқан жоқ.
ВИДЕО: Астанада көк шармен жүргендерді полиция ұстады (22 наурыз 2018 жыл)