Теміртауда металлургтердің "Жақтау" кәсіподағы түсірген "ар-намысы мен абыройын қорғау туралы" азматтық шағым қарала бастады. Іс бойынша үш адам – полиция қызметкері, коммуникация бойынша маман және зейнеткер жауапқа тартылып отыр.
Кәсіподақ шағымына былтыр yvision.kz блог-плшатформасында Әнуар Иманбаев дегеннің авторлығымен жарияланған "ЛжеРобингуд, или как заработать на дом в Сочи председателю взносами профсоюзу "Жактау"" деген және "Виктор Парамжитович: разделяй и властвуй" деген екі мақала себеп болған. Сайтта біраз уақыт тұрып, оқылған бұл материалдар кәсіподақ блог-платформа әкімшілігіне ескерту жасап, полицияға шағымданған соң жойылған. Ал кәсіподақ кейін мақала авторы деген адамды жауапқа тартуға бекінген.
Шағымданушының пікірінше, мақалаларда "жалған және ашықтан-ашық арандататын" мәліметтер бар және ол әлдебіреулерге қажет болуы мүмкін. Шағымданушы жақ сотқа кәсіподақ құжаттары мен қаржылық есебін ұсынды. Шағымданушы ол құжаттар аталған мақалаларда келтірілген мәліметтердің шындыққа қайшы екенін дәлелдейтінін айтады.
Бүгінгі сотта шағымданушының "Қазақтелеком" компаниясынан мақалаларды жариялаған абоненттің мекенжайы көрсетілген ресми жауап алғаны айтылды. Шағым осы мекенжайда тіркелген үш адамның үстінен беріліп отыр. Шағымданушы мақалалардағы мәліметтерді терістеп, моральдық шығын өтеп беруді талап етеді.
Жауапкер тарап кәсіподақ туралы ақпарат таратуға қатысы барын жоққа шығарады. Бүгінгі сотта жауапкер тараптардың өздері болмады, орнына адвокаты қатысты. Тараптар әзірге комментарий беруден бас тартты.
Сотқа Қазақтелеком өкілдері де қатысып, сот пен тараптар оларға бірнеше сауал қоймақ болды. Бірақ компания өкілдері "Қазақтелекомның" Теміртаудағы өкілдігінде тиісті сұрақтарға жауап беретін маман жоғын айтып, ол сауалдардың көбіне жауап бермеді.
Сотта тараптар мен судья мамандардан жауапкерлердің мақалаларға қатысы бар-жоғын анықтауға болатын кейбір техникалық жайттарды анықтауға тырысты. Шағымданушы өкілі мәселені зерттеп, анығына жету үшін жауапкер тараптың модемін тексеруді сұрады. Соңында сот келесі сот отырысында мамандарға модемнің қашан және қалай қолданылғаны туралы мәліметті анықтап беруін сұрады.
Келесі сот отырысы 11 сәуірге белгіленді.