Алжирде әскери ұшақ апатқа ұшырады, ондаған адам қаза тапқан болуы мүмкін деп хабарлады BBC. Жергілікті БАҚ мәліметінше, құрбандар саны 200 адамға дейін жетуі ықтимал. Ұшақ 11 сәуір күні таңертең ел астанасы Алжирге жақын Бофарик әскери-әуе базасында апатқа ұшыраған.
Телеарналардың хабарлауына қарағанда, оқиға орнына 14 жедел жәрдем көлігі барған және жаралылар ауруханаға әкетіліп жатыр.
Оқиға орнынан түсірілген видеода ұшақ құлаған орыннан түтін көтеріліп жатқаны көрінеді.
Алжирде төрт жыл бұрын әскерилер мен олардың отбасын тасымалдаған әскери ұшақ апатқа ұшырап, 77 адам құрбан болған.