Accessibility links

Қазақстан Сириядағы жағдайды саяси жолмен реттеуге шақырды


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы

Сириядағы жағдайға байланысты сенбі күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеме жасады деп хабарлайды ҚазАқпарат ресми агенттігі.

Қайрат Омаров Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты алаңдаушылық танытып отырғанын айтып, тараптардың барлығын әскери жағдайдың одан ары ушығуына жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға, Сириядағы жанжалды бейбіт түрде саяси жолмен реттеуге шақыратыны туралы мәлімдеген.

"Қазақстан әскери іс-қимыл - бұл Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара деген ұстанымды қолдайды және осылай болып та қала береді", - деп мәлімдеген Қазақстанның тұрақты өкілі.


Сонымен бірге Қайрат Омаров Сирия жанжалын саяси реттеуге қол жеткізу үшін Астана процесі мен Женева келіссөздері мақсат-міндеттерін одан ары қолдау қажеттігін айтқан.

Сенбіге қараған түні АҚШ пен одақтастары Ұлыбритания және Франция осыдан бір апта бұрын Дума қаласында химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды "арандату" деп атаған.

Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын "егеменді елге қарсы жасалған агрессиялық акт" деп атап, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырған.

XS
SM
MD
LG