Роскомнадзор Ресейде тыйым салынған Telegram мессенджерін App Store мен Google Play интернет дүкендерінен өшіруді талап етті. Бұл туралы Роскомнадзордың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Ведомство Telegram-мен байланысты IP адрестерді бұғаттап жатыр. Бұғаттау кампаниясына мониторинг жасап отырған белсенділердің мәліметінше, бүгінге дейін бұғатталған IP адрестер саны екі миллионнан асқан.
16 сәуірде Ресейде сот шешімімен Telegram мессенджері бұғаттала бастаған. Роскомнадзор сонымен бірге тыйым салынған сайттарға кіру құралдарына да тыйым салатынын мәлімдеді. Роскомнадзор Telegram Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне ақпаратты шифрлау кілтін бермейінше бұғаттан шығарылмайтынын айтады.
Telegram-ның негізін салушы Павел Дуров "ресейліктердің құпия хат алмасу құқығын қайтаруға күресетінін" мәлімдеді. Оның айтуынша, Telegram-ға тыйым салынса, Ресейде ұлттық қауіпсіздік деңгейі төмендеп кетеді.