Парламент мәжілісінің депутаттары 18 сәуірде жалпы отырыста Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымында (ҰҚШҰ) құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету туралы 2004 жылғы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Жиында баяндама оқыған Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Марат Өсіповтің айтуынша, өзгерістерге сәйкес, ұйымдағы құзырлы органның құрамы ауысса, мүше елдер ҰҚШҰ бас хатшысын хабардар етуге, ал ол өзге мүше елдерге айтуға тиіс.
Сонымен бірге, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының өкілетті органдарының құрамы нақтыланған, өзге елдердің ұйымға қосылу мүмкіндігін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қарамақ. Келісімде ҰҚШҰ-дағы құпия ақпаратты таратқан тұлғаға қатысты юрисдикиция қаралған.
- Таратуға рұқсат етілмеген құпия ақпаратты таратқан адам қай елдің азаматы екеніне байланысты жауапқа тартылады, - дейді Марат Өсіпов.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ-ның әскери саладағы (әскери операциялар, әскери материалдық жабдық) құпия ақпаратын сақтауға, пайдалануға, беруге және қорғауға ұйымға мүше елдердің қорғаныс министрліктері құзырлы. Ал құқық қорғау саласындаға (заңсыз миграция, есірткі тасымалы, киберқауіпсіздік) құпия ақпаратты игеруге Ішкі істер министрліктері және Ұжымдық қауіпсіздік туралы кеңес шешімі бойынша құрылған ұйымдар (мысалы, Еревандағы ҰҚШҰ академиясы, Мәскеудегі ҰҚШҰ институты) құзырлы.