Оралда "Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы" ұйымының заңгері Шәкір Суханбердиннің мұғалімдерге және қалалық білім бөлімінің басшылығына қарсы арызы бойынша сот өтіп жатыр.
Шәкір Суханбердин 12 мұғалімді және Орал қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары Батик Пайдинді жала жапты деп айыптайды.
Орал қалалық сотында 3 мамырда өткен отырыста жауапты тараптан 10 миллион теңге моральдық шығын сұрады. Жауапкер тарап сотта сөз сөйлеуден бас тартты. 11 мамырда өтетін отырыста куәгерлер сұралады.
Бұған дейінгі отырыста судья Гүлнар Гиматудинова арызданушы мен жауапкерден бітімге келуге қаншалықты дайын екенін сұрады. Екі тарап та бітімнен бас тартты. Бірақ шағымданушы "егер жауапкер кешірім сұраса, ал ұйымдастырушы отставкаға кетсе бітімге келуі мүмкін екенін" мәлімдеді.
Былтыр шыққан Қазақстанның орыс мектептерінің 5 және 7-сыныптарына арналған орыс тілі оқулықтары бірден сынға іліккен. Жанжал Орал қаласында тұратын бір топ ата-ананың әлгі оқулықтарды пайдалануға "мораторий" жариялауды сұрап, ел президентіне үндеу жолдауына дейін жеткен. Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрлігіне "проблеманың неден шыққанын анықтап, түсіндіруді" тапсырған болатын. Үндеу жолдағандар оқулықтар "идеологиялық тұрғыдан зиянды және деструктивтік сипатта" деп біледі.
Оқи отырыңыз: Оқулық сынағандарды полицияға шақыртқаны үшін Сағадиевті жазғырды
Былтыр қазан айында Оралда бірнеше мектептің мұғалімдері мен оқушылардың ата-аналары Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне арызданып, заңгер Суханбердиннің іс-әрекетін "деструктивті" деп атаған. Олар заңгерді "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыптап, оны Қазақстанда тұруына рұқсат беретін ықтиярхатынан айыруды және ел аумағынан шығаруды талап еткен. Шәкір Суханбердин - Ресей азаматы. Соталды тергеу жүргізген полиция былтыр желтоқсанда заңгерге қарсы істі "қылмыс құрамы жоқ" деп жапқан.
Бұдан соң заңгер мұғалімдер қалалық білім бөлімі басшылығының үстінен арызданған. Бұл іс бойынша негізгі сот тыңдауы 3 мамырға белгіленді.
Қазақстан Білім және ғылым министрлігі оқулықтарды сынауға берген жауабында оқу құралдарының "әбден ппысықталып, дайындалғанын" мәлімдеген.