Сирия оппозициясы шілде айында Ресейдің Сочи қаласында өтетін жиынға қатыспайды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне сириялық оппозиция өкілі Ясер Абдул Рахим айтты.
"Сочидегі келіссөзге бармаймыз, себебі Ресейдің кей әрекеттері бізге ұнамайды" деді оппозиция өкілі Астанадағы Сирия келіссөзінің барысында.
Астанаға келген Ресей делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев "Сирия оппозициясы келіссөз өтетін уақытқа дейін ойланар" деп үміттенеді.
14 мамырда Астанада Иран, Ресей және Түркияның қолдауымен тоғызыншы Сирия бейбіт келіссөзі басталған. Екі күнге созылған отырысқа БҰҰ мен Сирия делегациялары, Сирия қарулы оппозиция өкілдері келген. АҚШ делегациясы бұл жолғы кездесуге қатысудан бас тартқан. 24 адамы бар Сирия оппозициясын Ахмад Тома бастап келген.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі кепіл елдер келіссөзде Сириядағы қазіргі жағдайды, оның ішінде деэскалация аймақтарындағы ахуал мен гуманитарлық мәселелерді және өзара сенімді нығайту шараларын талқылайтынын хабарлаған.
Астана келіссөзінен бөлек, БҰҰ Женевада Сирия бейбіт келіссөздерін тұрақты түрде өткізіп келеді.