21 мамырда түс кезінде Шымкенттегі облыстық әкімдік ғимараты жанындағы алаңға келген бірнеше адамды полиция тарқатты. Алаңға келген азаматтардың бірі Қыдырәлі Дүйсенбек Азаттық тілшісіне өзінің Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданынан келгенін, жер митингісі болатынын естіп осы жерге келгенін айтқан.
Алаңға келген Шымкент тұрғыны Әбдірахман Қасымбеков:
- Жер сатылмасын, ешкімге берілмесін деп айту үшін келдім. Ата заңымызда сөз еркіндігі, бейбіт митингке рұқсат берген. Айтатынымды айтуым керек, өкімет соны тыңдау керек, - деді.
Таңертеңнен бері әкімдікті қоршап тұрған полицияның бірнеше қызметкері алаңдағы азаматтарға келіп “бұл жерде басқа шара жоспарланған, тұруға болмайды” деп тарқатып жіберген.
Ал Алматыда дәл осы күні белсенділер Құрал Медеуов пен Сүйіндік Алдабергеновты полиция шақырып, “жер митингісі” мен “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысына қатысты сұрақтар қойып, сәл кейінірек босатқан.
Бұған дейін астаналық белсенділер мамырдың 21-і күні жер митингісін өткізетінін хабарлаған. Астана мен Шымкент қалаларының әкімдігі белсенділерге жер митингісін өткізуге рұқсат бермеді.
Мамырдың 21-і күні Астана мен Шымкент қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Астанада алаңға келген бірнеше адам ұсталды.