Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың" сотында жарыссөз кейінге қалдырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Мұның себебін Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі "сот адвокаттардың шағымдарын тыңдап бола алмай жатыр" деп түсіндірді. Осыған дейін облыстық сот "жарыссөз 29 мамырға белгіленді" деп хабарлаған еді. Соттың дүйсенбі күні таратқан мәліметінше, сот тергеуі аяқталуға жақын, бірақ әлі жарыссөз уақыты белгіленбеген.
"Мұнай ұрлығы" бойынша қылмыстық іс 29 мамыр күні түске дейін БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтті. Бұған дейінгі сот мәжілістерін тілшілер арнайы залдағы монитордан бақылап келген еді. Бүгін тілшілерге бөлінген залда басқа сот процесі өтіп жатты. Ал тілшілер "мұнай ұрлығына" байланысты процесс өтіп жатқан негізгі залға да жіберілмеді.
Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соттағы БАҚ өкілдеріне арналған зал сот залы болып қайта жасақталған. "Оған себеп - қылмыстық істерді қарайтын зал тапшылығы" дейді облыстық соттың баспасөз қызметі. Бірақ облыстық сот тілшілердің ақпарат алу құқы неліктен шектелгенін түсіндіріп бере алмады.
"Қылмыстық топты басқарды" делінген Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне мұнай ұрлаумен айналысты деген айып тағылып отыр. Әзірше ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы айтылған жоқ. Бұған дейінгі сот мәжілістерінде "ұрланған мұнай" құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 миллион теңге деп көрсеткен еді. Кейінгі отырыстарда түрлі сараптамалардан соң бұл соманың 16 миллион теңге болғаны туралы айтыла бастады. 11-12 сәуір күнгі сот отырысында Еркін Ізбасар мен оның сенімді серігі деп сипатталатын Аухат Қалиев өздерінің мұнай ұрлығына "еш қатысы жоқ" екенін айтты.
2016 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.
ПІКІРЛЕР