Accessibility links

Ким Чен Ын Солтүстік Корея әскери басшыларын ауыстырды


Ким Чен Ын, Солтүстік Корея басшысы.
Ким Чен Ын, Солтүстік Корея басшысы.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 12 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінің қарсаңында елдің әскери басшыларын ауыстырды. Бұл туралы оңтүстік кореялық Yonhap агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Солтүстік Корея халықтық қарулы күштері министрі Пак Ен Сик, Корей халықтық армиясы бас штабының басшысы Ли Мен Су және Солтүстік Корея армиясы саяси басқармасының басшысы Ким Чон Гак қызметінен алынған. Олардың орнын көзқарасы ұстамды әскери басшылар басқан.

Yonhap дереккөздері бірінің пікірінше, Ким Чен Ын шенеуніктерді Корей түбегін ядролық қарудан ада ету саясатына қарсыларды әскери басшылықтан шеттету ниетімен отставкаға жіберген болуы мүмкін.

Солтүстік Корея әскери басшылығы құрамының өзгергенін Reuters агенттігіне АҚШ әкімшілігінің өкілі де хабарлады. АҚШ Солтүстік Корея әскерилері арасында Ким Чен Ынның Оңтүстік Корея мен АҚШ-қа қатысты саясатына байланысты келіспеушіліктер туындаған деп жорамалдайды.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп 12 маусымда Сингапурде Солтүстік Корея басшысымен кездесетінін растаған. Ким Чен Ын Корей түбегін ядролық қарусыз аймақ қылу идеясына адал екенін растағанымен, бұл процесті біртіндеп, АҚШ жеңілдіктер жасаған жағдайда ғана жүргізуді талап етіп отыр. АҚШ Пхеньян ядролық қарудан ешқандай шартсыз бас тартуы керек деген ұстанымнан танбайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG