Ресей президенті Владимир Путин "Үлкен жетілік" елдері басшыларын "бос сөзді доғаруға" және "нақты мәселелерді" шешуге шақырған.
Экономикасы дамыған демократиялық жеті елдің лидерлерінің Канадада өткен саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен коммюникеге пікірін Кремль басшысы осылайша білдірген. Бірлескен коммюникеде өзге мәселелермен бірге, Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу жөніндегі Минск келісімдері орындалмайынша Ресейге қарсы енгізілген санкцияларды күшінде қалдыру қажеттігі айтылған. "Үлкен жетілік" елдері сонымен бірге Ресейді Сирия президенті Башар Асадтың режиміне қолдау көрсетуді тоқтатуға, өзге елдердегі "демократиялық жүйелерді бүлдіру" іс-әрекетін доғаруға шақырған. Және Ұлыбританияның Солсбери қаласында әкелі-балалы Сергей және Юлия Скрипальдарды улауға Ресейдің қатысы бары туралы британ үкіметінің қорытындысымен келісетінін мәлімдеген.
"Үлкен жетілік" саммитінің қорытынды құжатына G7 жиынына қатысушы елдердің барлығы келіскені туралы хабарланған болатын. Бірақ кейін АҚШ президенті Дональд Трамп сауда мәселелеріне байланысты келіспеушіліктерге байланысты АҚШ өкілдеріне құжатқа қол қоймауды бұйырғаны туралы мәлімдеген.
Бүгін Қытайда жұмысын аяқтаған Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) саммитінің қорытындысы бойынша журналистердің сұрағына берген жауабында Путин Ресей "Үлкен сегіздіктен" шыққан емес, тек 2014 жылы жеті мемлекеттің жетекшілері Сочидегі саммитке келмей қойған деп мәлімдеген. Путин "жетілік" басшыларымен Мәскеуде жүздесуге қуанышты болатынын айтқан. Ол АҚШ президенті Трамптың Ресейді "жетілік" қатарына қайтарып, бұрынғыдай қайтадан "Үлкен сегіздікке" айналдыру туралы айтқан ұсынысына осылайша пікір білдірген.
Сонымен бірге Путин егер АҚШ жағы дайын болса, президент Трамппен кездесуге өзінің әзір екенін айтқан.
2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін өзге жеті мемлекет Сочиде өтеді деп жоспарланған "Үлкен сегіздік" саммитіне қатысудан бас тартқан. Батыс елдері Қырым аннексиясын айыптап, Ресейдің "Үлкен сегіздікке" мүшелігін тоқтатқан.
ПІКІРЛЕР