Accessibility links

Қытайлық қазақ студенттер каникулда үйіне баруға жүрексінеді


Наурыз мейрамында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ студенттері ұйымдастырған мерекелік шарада "Аққу" биін билеп жүрген қыздар. Атырау, 22 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Наурыз мейрамында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ студенттері ұйымдастырған мерекелік шарада "Аққу" биін билеп жүрген қыздар. Атырау, 22 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанға Қытайдан келіп оқып жүрген этникалық қазақ студенттер жазғы каникулда Шыңжаңдағы ата-анамызға барсақ кері қайта алмай қаламыз ба деп қорқатындарын айтады. Білім және ғылым министрлігі каникулға кеткен 88 студенттің Қытайдан қайта алмай қалғанын хабарлаған.

"АЗАМАТТЫҚ АЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ"

Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысы Күнес ауданынан Қазақстандағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне келіп, дайындық курсын оқыған Айтолды Бектұрқызы Шыңжаңдағы үйіне баруға жүрексінеді. Ол Қытайда тұратын анасы мен ағасының бірнеше айдан бері саяси үйрену орталығында екенін, әкесінің қайтыс болғанын айтады.

Қазақстанға Қытайдан келіп оқып жатқан Айтолды Бектұрқызы. (Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.)
Қазақстанға Қытайдан келіп оқып жатқан Айтолды Бектұрқызы. (Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.)

- Туыстарым сол жақта ғой. Саяси үйрену орталығында отырған анама сіңілісі барып жолығыпты. Сонда анам маған: "Қытайға қайтып оралмасын. Қазақстан азаматтығын алсын" деп сәлем айтыпты. Анам мен ағам саяси үйрену орталығына түсті дегенді ести сала мен де бармақшы болғам. Бірақ туыстарым: "егер мұнда келсең шекарадан өткен бетте бас салады" деді, - дейді Айтолды Азаттыққа.

Ол қазір Алматы шетіндегі ауылдағы мейрамханада даяшы болып істеп жүр. Айтуынша, осыдан екі ай бұрын Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарын да өткізіп қойыпты. Айтолды тәрізді Қытайға баруға қорқып, Қазақстанда қалып қойғандардың тағы бірі – Қайсар Адал.

- Биыл Тараз мемлекеттік университетінің дайындық курсын Қытайдың үш аймағынан келген жиырманың үстінде студент бітірдік. Олардың барлығы қазір осында. Өйткені, Қытайға барсақ қайта алмай қалуымыз мүмкін. Себебі, қыста немесе былтыр жазғы каникулда Қытайдағы ата-анасына кетіп, келе алмай қалған студенттер көп, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Туыстары Қытайда қамалғандардың тағдырына алаңдайды

Қайсар Адал өзімен бірге Қазақстанға оқуға келген студенттердің басым бөлігі Қытайға баруға қорқатындарын, "шамалары келсе Қазақстан азаматтығын алғылары келетінін" айтты.


Алматыда тұратын Талап Оспанұлының сөзінше, бірер жыл бұрын Қазақстандағы университетті бітірсе де Қытайға бармай жүр.

- Талғар Қасенұлы деген досым осыдан бір жыл бұрын Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екінші курсында оқып жүріп, жазғы каникул кезінде Қытайға кеткен еді. Барғаннан кейін сөйлесіп жүрдік. Қыркүйектің басында телефонмен хабарласып "Телефонымдағы Қанат Ислам туралы, Қазақстан туралы видеоларға байланысты мәселе шықты. Мені қайтармайтын секілді" деді. Содан кейін хабар жоқ. Естуімше оны саяси үйрену лагеріне әкеткен, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ

"ЖАТАҚХАНА ЖАЛДАП БЕРІП ОТЫРМЫЗ"

Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының белсендісі Қыдырәлі Оразұлы жазғы каникулда Қытайдағы үйлеріне бармай, Қазақстанда қалуды ұйғарған 80 студентке қамқорлық жасап отырғандарын айтады.

Қыдырәлі Оразұлы (оң жақтан екінші) Қытайда қамауда жатқан туыстарының дерегін білуге жәрдем сұрап келген адамдармен бірге Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдігі алдында тұр. Алматы, 24 қазан 2017 жыл.
Қыдырәлі Оразұлы (оң жақтан екінші) Қытайда қамауда жатқан туыстарының дерегін білуге жәрдем сұрап келген адамдармен бірге Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдігі алдында тұр. Алматы, 24 қазан 2017 жыл.

- Қазір Алматы қаласынан екі қабатты қонақ үйді жалға алып 32 ұл, 48 қызды паналатып отырмыз. Әрқайсысына шамамен айына 10 мың теңгеден шығады. Және олардың бүгінге дейінгі ас-суы да біздің мойнымызда. Бұлардың барлығы Қытайға барудан қорқып отыр. Кейбіріне осы жерден мүмкіндігінше уақытша жұмыс тауып орналастырдық, - дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Ол әлгі студенттердің Қазақстанның барлық аймағынан келгенін және әлі де келетіндері бар екенін хабарлады.

"Кешенді тестілеуден кейін келеміз деп отырған студенттер көп" деген Қыдырәлі Оразұлы қазір қосымша орындар қарастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, жатақхана жалдау қаржысын белсенді азаматтар көтеріп алған.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Бұған дейін қазақстандық БАҚ Қытайдан Қазақстанға келіп оқып жүрген этникалық қазақ студенттердің кейбірінің қысқы және жазғы демалыста Шыңжаңдағы ауылдарына барып, кері қайта алмай қалғаны туралы хабарлап, 73 студенттің аты-жөнін жариялаған.

Қыдырәлі Оразұлы Қытайдан Қазақстанға қайтпай қалған студент саны – 89 адам және олардың 12-сі – бакалавриатта оқығандар дейді.

Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ студенттер Наурыз мейрамында домбырамен күй шертіп отыр. Атырау, 22 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ студенттер Наурыз мейрамында домбырамен күй шертіп отыр. Атырау, 22 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қытайдан Қазақстанға келген этникалық қазақ, заң саласының маманы Нақыпбек Жылқыбекұлы Шыңжаңдағы үйлеріне кетіп, қайта алмай қалған студенттерге Қазақстан Білім және ғылым министрлігі іздеу салуы керек деп санайды.

- Оларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінгеннен кейін сұрау салу керек. Екі мемлекеттің арасында арнайы білім алуға байланысты келісімшарттар бар. Және олардың ұлты қазақ болғаннан кейін Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан Қытайдан келмей қалған студенттерге Қазақстан Білім және ғылым министрлігі сұрау салуы керек. Олардың жоқшысы солар болуы тиіс, - дейді ол.

Қазақстан Білім және ғылым министрлігі Азаттықтың сұрағына берген жауабында "88 студенттің Қытайға жазғы және қысқы демалыс кездерінде барып, қайта алмай қалғанын" хабарлаған.

Туыстары Қытайға кетіп, оралмағандар туралы Азаттық видеосы:

Күткендер
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:09:07 0:00

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан жоғарғы оқу орындарында бакалавриат бойынша білім алып жатқан 990, дайындық бөлімінде - 410 этникалық қазақ студенті бар.

"ЖОО дайындық бөлімдері тыңдаушыларының қайта келмеуі себептерін және орналасқан мекендерін анықтау үшін Қытай еліндегі мекен-жайларына, Қытай елшілігіне, Қазақстан республикасының сыртқы істер министрлігіне хаттар жіберілді. Қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде" делінген Білім және ғылым вице-министрі А.Аймағамбетовтың қолы қойылған хатта.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінен Шыңжаңдағы үйлеріне кетіп, Қазақстанға оқуына қайта келмеген этникалық қазақ жастарына қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

Қытайда қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан тарай бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қытайлық әріптесі Ван Имен кездесу кезінде. Пекин, 24 сәуір 2018 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қытайлық әріптесі Ван Имен кездесу кезінде. Пекин, 24 сәуір 2018 жыл.

Биыл сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп жауап берген.

Қытайдың 2010 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, бұл елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 400 мың болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG