Accessibility links

Студенттер Қытай визасын ала алмай жүр


Алматыдағы Қытай консулдығының алдында тұрған адамдар. 31 шілде 2017 жыл.
Алматыдағы Қытай консулдығының алдында тұрған адамдар. 31 шілде 2017 жыл.

Қытай университеттері мен коллеждеріне оқуға түскен ондаған қазақстандық студент Алматыдағы Қытай консулдығына визаға құжат тапсыра алмай жүргендерін айтып шағымданады. Ал консулдық өкілі "студенттер кезексіз кіріп жатыр" дейді.

Алматылық Нағима (өз өтінішіне сәйкес есімі өзгертілді – ред.) Қытайдағы бір университеттің магистратурасына грантқа оқуға түскен. Қыркүйекте сабағы басталады. Ол үш аптадан бері Алматыдағы Қытай консулдығына құжат тапсыра алмай жүргенін айтады.

- Виза алған жоқпын. Егер уақытында бармасақ, грантым күйіп кетеді. Визаға онлайн тіркелу жүйесі жоқ. "Тірі кезек". Визаға құжат тапсыратындар өзіміз тізім жасағанбыз. Ол тізімге қарамайды. Тізімде 200 адам болған. Олардың елуден астамы – студент. Бұл тізімнен күніне бір-екі адам ғана кіреді. Құжат тапсыруға кіру үшін сыртта тұрған күзетшілерге, консулдықта жұмыс істейтіндерге ақша беру керек. Жарты ай бұрын 15 мың теңге болған. Қазір 25 мың теңге сұрайды, - дейді ол.

Нағиманың айтуынша, визаға құжат тапсыруға келіп жатқан студенттердің саны күннен күнге артып келеді. Себебі талапкерлер Қытай университеттерінен оқуға қабылданғаны туралы жауапты енді ала бастаған.

"ДЕЛДАЛДЫҢ АҚЫСЫ"

Талдықорғандық А. есімді студент те Қытай университетіне бакалавр бойынша грантқа оқуға түскен. Ол "виза алуға кедергісі тиіп кетер" деп есімін толық жариялағысы келмейді. А. да "бір айдан бері визаға құжат тапсыра алмай жүр".

Консулдық маңында "делдалдар" жүреді. Оларға ақша берсеңіз кезексіз кіргізіп береді.

- Бір жыл Қытайда тіл меңгеріп, өз күшіммен грант жеңіп алдым. Енді Шанхайдағы университеттердің біріне оқуға бармақпын. Құжат тапсыра алмай жүргеніме бір ай болды. Кезекке 160-адам болып жазылғанмын. Қазір тізімде елуінші боп тұрмын. Кезек өте жай жылжиды. Консулдық маңында "делдалдар" жүреді. Оларға ақша берсеңіз кезексіз кіргізіп береді. "Ставканың" өзі 25 мың теңге деп тұр. Егер құжат тапсыра алмасақ, ақша береміз, амал жоқ, - дейді студент.

Студент Қытайға тіл оқуға барарда визаны консулдық емес, туристік компания арқылы алған. Бірақ қазір виза алу талабы өзгеріп, тек консулдыққа құжат тапсыруға мәжбүр.

- Қазір жаңа ереже бойынша виза алу үшін саусақ таңбасы керек. Яғни, әр адам құжатты өзі әкеліп, саусақ таңбасымен бірге тапсыру керек. Саусақ таңбасын тапсыруға қарсы емеспіз. Бұл – әлемде бар талап. Бірақ консулдық Еуропа елдеріндегідей онлайн тіркелу және электрондық кезек жүйесін еңгізсе деген ұсынысымыз бар, - дейді ол.

Алматыдағы Қытай консулдығының алдында кезекте тұрған адамдар. 31 шілде 2017 жыл.
Алматыдағы Қытай консулдығының алдында кезекте тұрған адамдар. 31 шілде 2017 жыл.

Консулдық алдында жиналған бір топ студент пен ата-ана Азаттық тілшісіне құжат тапсыру "өте қиын" деп шағымданды. Олар да "екі аптадан бері құжат құшақтап, сандалып жүргендерін" айтады. Солардың бірі – Алма (өз өтінішіне сәйкес аты өзгертілді – ред.) есімді алматылық тұрғын. Ол да ұлына "оқу визасын" ала алмай жүр.

- Ұлым Вухан қаласына ақылы түрде оқуға түскен. Оқу ақысын төлеп қойдық. Үш апта болды кіре алмай жүрміз. Не істерімізді білмейміз. Шыдамның да шегі бар ғой. Күнде келіп, консулдық сыртында күтіп-күтіп қайтамыз. Виза беруден бұрын визаға құжат тапсыру уайым болып кетті, - дейді ол.

КОНСУЛДЫҚ: "СТУДЕНТТЕР КЕЗЕКСІЗ КІРЕДІ"

Алматыдағы Қытай консулдығының Мөлдір есімді қызметкері Азаттыққа "студенттер ереже бойынша кезексіз кіріп жатқанын" айтты.

- Қытайға оқуға түскен студенттерге кезек жоқ. Олардың бәрі кезексіз кіреді деп айтқанбыз. Күніне 10-15 студент кіріп, құжаттарын тапсырып жатыр ғой. "Кіре алмай жүрміз" дегендер болса, консулдыққа хабарлассын, - дейді ол.

Қытай консулдығының өкілі "делдалдар" туралы шағымдарға қатысты комментарий бермеді.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, Қытаймен жасалған арнайы келісім-шартқа сәйкес жыл сайын бұл елге 100-120 қазақстандық грантпен жіберіліп, тегін оқиды. Бұған қоса, Шанхай ынтамақтастық ұйымы бойынша жасалған келісімдерге сәйкес, Қытай университеттері Қазақстан студенттеріне арнап жыл сайын он шақты грант бөледі. MyChina жеке меншік оқу компаниясы Азаттыққа жыл сайын мыңнан астам қазақстандықты Қытай университеттеріне жіберетінін айтты.

"ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ВИЗА ҚИЫНДЫҒЫ БҰРЫННАН БАР"

Он шақты жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақ, "Жебеу" қоғамдық қорының бас хатшысы Рақым Айыпұлының айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін Қытайға виза алу жыл сайын қиындап барады.

Бұған дейін үш-төрт қазақстандық туристік визамен Қытайға бара беретін. Электрондық виза да алуға болатын. Қазір ондай жоқ.

- Қытайдың Алматыдағы консулдығында келушілерге еш жағдай жасалмаған. Қарт адамдар, балалы адамдар сыртта ұзақ кезекте тұрады. Бұл мәселе бас консулға айтылған. "Шара қолданамыз, жүйеге келтіреміз" деп уәде берген. Бұған дейін үш-төрт қазақстандық туристік визамен Қытайға бара беретін. Электрондық виза да алуға болатын. Қазір ондай жоқ. Қытайда туып, Қазақстанға көшкен оралмандар туысының шақыртуымен, туыстық куәлігімен ғана виза аша алады. Қытайда тұратын қазақтар туысқанын шақырту үшін туыстық қарым-қатынасын жергілікті билікке дәлелдеу керек. Оралмандарға туристік виза берілмей жатыр, - дейді ол.

Қытай консулдығының Мөлдір есімді қызметкері оралмандар үшін виза алуда қиындық жоқ екенін айтады.

- Қытайға ешкімге жеке туристік виза беріліп жатқан жоқ. Ал оралмандарға Қытайдағы туыстарының шақыртуымен еш қиындықсыз виза беріліп жатыр, - деді өкіл.

2016 жылы ақпанда Қытайдың Қазақстан азаматтарына жекелей туристік және іскерлік виза беруді тоқтатқаны хабарланған. Жаңа тәртіп бойынша туристік виза кем дегенде бес адамнан тұратын туристер тобына ғана беріледі. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "бұл - Қытайдың бір жақты шешімі" екенін айтқан.

Ал 2016 жылы наурызда Қазақстан қытайлық дипломаттардың туыстарына визаны үш-ақ ай уақытқа беру туралы шешім қабылдаған. Осыдан кейін Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхой Қазақстан үкіметінің бұл шешімін сынап, "дипломаттардың жақындарына визаны үш айға беру - қорлау" деп мәлімдеген.

Қытайдан келген этникалық қазақ Алмасбек Ахметбекұлының пайымдауынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы виза мәселесі бұрыннан бар және ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатыр.

- Біріншіден, Қазақстанда Қытай кәсіпорындары көп. Демек, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін Қытай азаматтары да баршылық. Қытай азаматтарына да Қазақстан визаны өте қиын жағдайда береді. Осыдан кейін Қытай мен Қазақстанның виза мәселесінде қарама-қайшы әрекеттер туындап жатыр. Екіншіден, Қазақстан азаматтарының көбі Қытайдың Шыңжаң аймағына барады. Ал Шыңжаң – Қытайдың оқшауланған аймағы. Қытай Шыңжаңға баратын Қазақстан азаматтарына да қатты қарап жатыр, - дейді ол.

Қытай азаматтарының Қазақстан визасын алу мәселесі де бірнеше рет көтерілген. Азаттық қытайлық қазақтардың Шыңжаңдағы Қазақстан консулдығында виза алу қиындығы туралы, мыңдаған адамның бір уақытта апталап кезек күтуге мәжбүр болғаны жайында да жазған еді.

XS
SM
MD
LG