Ұлыбританияның Солсбери қаласында полиция Zizzi мейрамханасына жақын маңда тағы бір адам уланған оқиғаны тексеріп жатыр дп хабарлады Sky News телеарнасы. Бұл мейрамханада осыған дейін ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланғанға дейін тамақтанған еді.
"Қазір Солсберидегі Карл-стритте 30 жастағы адамның улану оқиғасын тексеріп жатырмыз" деді Уилтшир графтығының полициясы.
Полиция хабарламасында "Солсбери мен Эймсберидегі улану оқиғаларына байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жасап жатырмыз" делінген.
Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайы туралы алда толымды ақпарат таратпақ.
Наурыздың басында Солсбериде Ресей Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланған. Лондон олардың СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.
Маусымның соңында Солсбериге жақын Эймсбери қаласында "Новичок" уына шалдықты делінген екі адам - бір әйел мен бір ер адам ауруханаға жатқызылған. 44 жастағы әйел Дон Стерджес осы аптаның басында қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР