Accessibility links

Ақтөбеде мемлекеттік кіріс қызметі шенеунігі екі айға қамалды


Прокурор Жәнібек Төребеков "пара алған" деген күдікпен ұсталған Ақтөбе облыстық мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері Берікқали Мерейді тергеу кезінде екі айға қамауға санкция беруді соттан сұрап тұр. Ақтөбе, 13 шілде 2018 жыл.
Прокурор Жәнібек Төребеков "пара алған" деген күдікпен ұсталған Ақтөбе облыстық мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері Берікқали Мерейді тергеу кезінде екі айға қамауға санкция беруді соттан сұрап тұр. Ақтөбе, 13 шілде 2018 жыл.

Шілденің 13-і күні Ақтөбе қалалық соты облыстық мемлекеттік кіріс департаменті Экономикалық тергеу қызметі бөлімінің басшысы міндетін атқарушы, "пара алған" деген күдікпен ұсталған 39 жастағы Берікқали Мерейді екі айға қамауға санкция берді.

Сот барысында прокурор Жәнібек Төребеков 2018 жылы шілденің 11-і күні Ақтөбе қаласында ұсталған күдіктіге нақты қандай дерек бойынша айып тағылып отырғаны туралы баяндады.

- Мемлекеттік кіріс департаментінің Экономикалық тергеу қызметі 2016 жылдан бастап "Макс газ компани" серіктестігіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша компания өкілдерінен бірнеше мәрте жауап алған. Сұйытылған газды заңсыз саудалаған деген күдікпен ашылған істі жабу үшін Берікқали Мерей "Макс газ компани" директорының орынбасары Есеновтен 1,7 миллион теңге талап еткен. Есенов бұл туралы экономикалық және ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес департаменіне шілденің 6-сы күні хабарлаған, күдікті пара алып жатқан жерінен ұсталған, - деді ол.

Прокурор соттан Қылмыстық кодекстің "Пара алу" бабы бойынша үстінен іс қозғалған күдіктіні тергеу мерзімі кезінде екі айға абақтыға жабуды сұрады.


Сотқа екі адвокатымен бірге қатысқан Берікқали Мерей кәмелетке толмаған үш баласы барын айтып, соттан өзін кепілдікпен босатуды өтінді. Судья Әлима Әділованың "Тағылған айыппен келісесіз бе?" деген сауалына күдікті күмілжіп жауап бере алмады. Мерейдің адвокаты Заур Мамедов қорғауындағы азаматтың қазір "жабыраңқы көңіл-күйде" екенін алға тартып, күдіктінің тағылып отырған айыппен келіспейтіні туралы мәлімдеді. Адвокат кәмелетке толмаған балалардың әкесі тергеу әділ өтеді деп үміттенетінін және бой тасалайтын ойы жоғын айтып, судьядан Берікқали Мерейді тергеу кезінде кепілдікпен босатуды немесе үйқамаққа алуды сұрады.

Сот тергеу тарабының өтінішін қанағаттандырып, күдіктіні екі айға тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG