Хельсинкиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге бірнеше сағат қалғанда АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter парақшасында: "АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы ешқашан тап қазіргідей нашар болған емес және бұған АҚШ-тың ұзақ жылдан бергі ақымақтығы кінәлі" деген жазба жариялады.
Трамп өзі "жалмауыздың ізін кесу" деп атайтын, Ресейдің 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына ықтимал араласуын тергеу ісін еске салып, сол кездегі президент Барак Обаманың "араласуға" ешбір реакция танытпағанын, ал өзін қарсыластары Ресеймен "келісімге келді" деп айыптауға көшкенін айтты.
13 шілде АҚШ Ресейдің Бас барлау басқармасының 12 қызметкеріне айып таққан соң бірнеше америкалық сенатор Трампқа Путинмен кездесуден бас тартуды, я кездесу тақырыбын "Ресейдің сайлауға араласуына арнауды" ұсынған.
Хельсинкиде Трамптың жанында жүрген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео туиттерінде "Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту бәріне пайдалы болады, бірақ қазір доп Ресей тарабында" деп жазған.
16 шілде таңертең Трамп Финдляндия президенті Саули Ниинистемен кездесті. Ақ үйдің ақпаратынша, Трамп пен Путин жергілікті уақыт бойынша 13.20-да (Қазақстан уақытымен 16.20 – ред.) кездеседі. Екі ел президенті бір жарым сағат бойы оңаша сөйлеседі, кейін оларға делегация өкілдері қосылады. Қазақстан уақытымен 19.50-де біріккен конференция басталады.
Екі ірі ядролық держава президенттерінің кездесуде не талқылайтыны алдын ала айтылмауы – алғаш рет болып тұрған жағдай. Бірнеше күн бұрын басылымдар Трамп пен Путин Украина батысындағы жағдай мен Ресей аннекциялап алған Қырым жайлы сөйлесетінін жазған. Ядролық қарусыздандыру мен ядролық қаруды таратпау туралы да әңгіме болатыны айтылды.
Трамп Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға ықтимал араласуы жайлы сөйлесетінін растады.
ПІКІРЛЕР