Қара теңізде Украина мен АҚШ әскерилерінің бірлескен жаттығулары аяқталды. Sea Breeze 2018 әскери жаттығулары шілденің 9-ында басталған болатын. Оған 19 елден екі мыңнан астам әскерилер қатысқан. Олардың арасында Ұлыбритания, Грузия, Грекия, Болгария, Эстония, Литва, Молдова, Польша және Румыния өкілдері бар.
Бірлескен әскери жаттығуларға 30-ға жуық әскери кеме, сүңгуір қайық, ондаған ұшақ пен тікұшақтар қатысқан.
Украина президенті Петр Порошенко бұл жаттығуларды «гибридтік соғыстардың идеологтары, ұйымдастырушылары мен демеушілеріне жауап» деп атаған. Жаттығуға қатысушы әскерилер алдында сөйлеген сөзінде ол Ресейдің аннексиялап алған Қырым түбегі аумағында және Қара теңіз бен Азов теңізі акваторияларында әскери күшін нығайтып жатқаны туралы мәлімдеген.
Sea Breeze 2018 әскери жаттығуларына қатысты комментарийінде Ресей сыртқы істер министрлігі оны Қара теңізде шиеленісті арандататын «отпен ойын» деп атаған.
ПІКІРЛЕР