Accessibility links

Ерімбетовтің сотында Sky Service компаниясы өкілдерін тыңдады


Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сотта отыр. Алматы, 3 тамыз 2018 жыл.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сотта отыр. Алматы, 3 тамыз 2018 жыл.

Алматыда жұма күні кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен тағы бір топ адамға қатысты "алаяқтық" туралы іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында куәгер ретінде Sky Service компаниясы қызметкерлері жауап берді. Айыптау қорытындысы бойынша, тергеушілер "компанияның атқарған жұмысы аясында алаяқтық жасалған" деген тұжырымға келген.

Сотта жауап берген куәгерлер сотқа дейінгі тергеу барысында хаттамаға түсірілген сөздеріндегі "тарифтерге негізсіз үстемақы қосу", "бағаны қолдан өсіру", "калькуляцияны қымбаттату" деген тәрізді терминдерге түсініктеме берді.

Сот тергеуі барысында прокурор куәгерлердің назарын сотқа дейінгі тергеуде айтқандары мен соттағы мәлімдемелеріндегі "қарама-қайшы тұстарға" аударып, жалған куәлік бергені үшін жауапкершілікті еске салды, сонымен бірге ол куәгерлердің сотқа дейінгі тергеуде өз еріктерімен хаттамаға қол қойғандарын да айтты. Бұған жауабында куәгерлердің бірі тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдесе, енді біреулері терминдер туралы өздеріне "түсіндірілгенін" айтты. Кей куәгерлердің сөзінше, олар қол қойған хаттамаларының мазмұны осыншама құқықтық салдарға соқтырады деп күтпеген.

Бұған қоса сот тергеуі барысында куәгерлердің тергеушілер мен айыптаушыларға қарағанда кей терминдерге басқаша түсініктеме беретіндігі анықталды.

Бұл қылмыстық істе Sky Service компаниясының үш лауазымды қызметкері аталған. Заң жүзінде Ескендір Ерімбетовтің бұл компанияға тікелей қатысы жоқ.

47 жастағы Ескендір Ерімбетов пен басқа да бір топ тұлғаға жеті эпизод бойынша жалпы сомасы 208 миллион теңгенің (қазіргі ақша бағамы бойынша 595 мың доллар шамасында) алаяқтық айыбы тағылған. Тергеу мен айыптау тараптарының болжамы бойынша "сотталушылар қаржысын жымқырған" делінетін компаниялар арасында жеті заңды тұлға бар.

Ескендір Ерімбетов өткен жылғы қараша айынан бері қамауда отыр. Ол "жымқыру" және "ұрлық ақшаны заңдастыру" қылмыстарына байланысты күдікке ілінген. "Алаяқтық" ісі бойынша маусымның 14-і басталған сот процесі әлі жалғасып жатыр. "Ұрлық ақшаны заңдастыруға" қатысты екінші істе қазір шетелде тұрып жатқан, Қазақстан билігін сынап жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов пен Ескендір Ерімбетовтің туысы, Әблязовтың заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемалының есімдері де аталады. Ол іс бойынша тергеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Сот ісі барысында судья олардың аты-жөнін атамауды ескертіп, "сот процесін саясиландырмауға" шақырған.

Кей құқық қорғаушы ұйымдар Ескендір Ерімбетовті саяси тұтқын деп таныған. Қазақстан билігі болса бұл істің саяси астары бар деген айыптауды жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG