Accessibility links

Құқық қорғаушылар Тұңғышбаевты қамаудан босатуды талап етті


Құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина (оң жақта), Евгений Жовтис (ортада) және Мұратбек Тұңғышбаевтың әйелі Мерей Қалиева. Алматы, 15 тамыз 2018 жыл.
Құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина (оң жақта), Евгений Жовтис (ортада) және Мұратбек Тұңғышбаевтың әйелі Мерей Қалиева. Алматы, 15 тамыз 2018 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оппозициялық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаевты қамаудан кепілге босатуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Алматыда Қазақстандағы халықаралық адам құқығы бюросында болған жиынды құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Евгений Жовтис және Тұңғышбаевтың әйелі Мерей Қалиева өткізді. Төреғожина Қазақстан билігі Қырғызстаннан белсендіні Қазақстан Қылмыстық кодексінің 406-бабы 2-бөлімі ("Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу") бойынша соттайтынын айтып, экстрадициялауды сұрағанын айтты. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бұл бап аса ауыр емес қылмыс болғандықтан, Тұңғышбаевты кепілге босатуға негіз бар. Әйелі Мерей Қалиева Мұратбек Тұңғышбаев өзін босату үшін үйін кепілге қоюға дайын екенін айтты. Тұңғышбаевты екі айға қамауға алу мерзімі 27 тамызда аяқталады.

Мұратбек Тұңғышбаев Қазақстанға экстрадицияланған соң Қылмыстық кодекстің 266-бабының 1-бөлімі ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу") бойынша да күдікті деп танылған. Ол қазір Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында отыр.

Оқи отырыңыз: Туыстары Тұңғышбаевты Алматы полициясында ұстап отырғанын айтады

Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі 10 мамырда Бішкекте Қазақстан билігінің сұрауымен ұстаған. 21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. 25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған. Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевты "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев аталған қозғалысқа қатысы жоғын айтып, бұл айыптың саяси астары бар деп мәлімдеген.

Қылмыстық кодекстің 406 бабының 2-бөлімі бойынша екі жылға дейін шартты жаза, ал 266 баптың 1-бөлімі бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG