22 тамызда Алматының Медеу аудандық №2 сотының судьясы Тәкен Шәкіров кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ісі қаралып жатқан сот залына Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкийді кіргізбеді. Депутаттың залға кіруіне адвокат Жанар Балғабаева өтініш берген. Өтінішті талқылау кезінде айыпталушылардың екеуі, Ескендір Ерімбетов пен Василин Соколенко қолдайтындарын айтса, іске қатысы бар өзге адамдар қалыс қалды. Ал прокурор Еркін Баймағамбетов қарсылық білдірді.
Бұдан соң судья Шәкіров адвокат өтінішін жартылай қанағаттандырды. Ол прокурордың пікірін қостап, польшалық депутат Марчин Свенчицкийдің істі көрші бөлмедегі экраннан бақылауына рұқсат берді. Ол жерде журналистер мен Ерімбетовтің өзге де қолдаушылары, туыстары отырады.
Айыпталушы Ерімбетов көрші бөлмеге кіруге сот санкциясы қажет емес екенін, бұған дейін ол жерге кіруге ешкімнің арнайы рұқсат сұрамағынын айтып, судья шешіміне наразылық білдірді.
Польша депутаты Ерімбетовтің сотына бұған дейін де келген. Марчин Свенчицкий Италия адам құқықтары федерациясының президенті Антонио Станго екеуі Ерімбетовпен Алматыдағы тергеу изоляторында отырған кезінде кездескен.
Соттың алдыңғы отырыстарында кәсіпкердің адвокаттары бірнеше рет судья Тәкен Шәкіровтен бас тарту туралы шағым жазып, оны істен шеттете алмаған.
Ерімбетов 2017 жылдың қараша айынан бері қамауда отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің әпкесі, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.
Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.
ПІКІРЛЕР