Forbes журналы Ресейдегі ең бай он әулеттің рейтингісін жариялады. Тізімде Гуцериевтер әулеті биыл да бірінші орында тұр. Әулеттің ортақ дәулеті алты миллиард долларға бағаланады.
Екінші орындағы Ротенбергтер әулетінде бес миллиард доллар бар. Әулеттің үлкені Аркадий Ротенберг Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серігі саналады. АҚШ Аркадий Ротенбергке Қырымның Керченск бұғазында көпір салуға қатысқаны үшін санкция салған.
Тізімде үшінші орында IPG Photonics компаниясының иесі Гапонцевтер әулеті орналасқан. Олардың үш миллиард доллардан астам байлығы бар деп саналады.
Жетінші орында бір жарым милилард доллары бар Шамаловтар әулеті тұр. БАҚ әулет мүшесі Кирилл Шамаловты Ресей президентінің күйеубаласы деп топшылайды. 2018 жылы "Сибур" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Кирилл Шамалов АҚШ-тың санкция салынғандар тізіміне енгізілген. АҚШ Қаржы министрлігі сол кезде бизнесменнің байлығы ол 2013 жылы Катерина Тихоноваға үйленген соң күрт артқанын мәлімдеген. Reuters агенттігі Тихонованы Путиннің қызы деп атайды. Биыл қаңтарда Bloomberg агенттігі Тихонованың Кирилл Шамаловпен ажырасқанын хабарлаған.
Бұл әулеттің үлкені, Путиннің досы саналатын Николай Шамалов "Россия" банкі акциясының 10 пайызына иелік етеді. 2014 жылы банк Ресей аннексиялап алған Қырымда жұмыс істегені үшін санкцияға іліккен. Николай Шамаловтың өзіне де "Озеро" кооперативінің тең құрылтайшысы ретінде санкция салынған.
Ресейдегі ең бай он әулеттің қатарына қазір тергеу абақтысында отырған ағайынды Магомедовтер де енген. "Сумма" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Зиявудин Магомедов пен "Кардо Альянс" компаниясының бас директоры Магомед Магомедовке мемлекеттік келісімшарттан қаржы жымқырды деген айып тағылған.
Рейтингке енген әулеттер ішіндегі дәулеті ең азында 1,05 миллиард доллар бар.
ПІКІРЛЕР