Петропавл қалалық соты қалалық базар мен автовокзал маңындағы ондаған дүңгіршекті алып тастау туралы шешім шығарды.
Петропавл қаласының әкімдігі көше жарығын қайта құру мақсатында сауда орындарын сүріп тастау туралы шешімі саудагерлердің наразылығын тудырып, іс сотқа дейін жеткен еді.
Дауға айналған мәселе бойынша кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасындағы сот аяқталып, шешім шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Әсел Еслямова кәсіпкерлер талабын қанағаттандырмай, қалалық әкімдіктің базардағы сауда орындарын сүріп тастау туралы шешімін заңды деп тапты.
Жергілікті билік пайдасына шешілген сот шешімімен келіспеген кәсіпкерлер мен олардың қорғаушысы аппеляциялық шағым беретінін айтады.
- Біз бірінші инстанция сотының бұл шешіміне шағымданамыз. Шешім заңсыз. Сот қолданыстағы заңнаманың нормаларын дұрыс қолданған жоқ, - дейді жер сұрақтары бойынша заңгер Бақытжан Базарбек.
Кәсіпкерлердің сот үкіміне шағымдануға бір ай уақыты бар. Базардағы 60-қа жақын сауда дүңгіршегі сүрілсе, 150 адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР