Вашингтон санкция салған Ресей олигархтарының тізімін кеңейтуі тиіс. Бұл туралы АҚШ Сенаты банк комитетінің ашық отырысында осы елдің Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол мәлімдеді. Ол сенаторларға Путинге жақын 12 адамның тізімін ұсынуға уәде берді. Макфолдың сөзінше, 12 адамның Ресей президентімен байланысы санкцияға іліккен Виктор Вексельбергтен де жақсы.
Майкл Макфол бұған қоса ресейлік олигархтар мен ірі банктердің басшыларын шектеу шараларын талқылау кезінде келіссөзге тартып көру керек екенін айтады. Дипломаттың сөзінше, санкция енгізілгенде бизнесмендер Ресей президенті Владимир Путинге ықпал ете алмай қалады. "Алайда, егер "Сбербанкке" ескерту жасалса, онда банк басшысы Герман Грефтің онымен (Ресей президентімен - ред.) келіссөз жүргізуі оңайлау болмақ" деді бұрынғы елші.
Макфол қолданыстағы санкциялар Ресейді Сирия мен Украинаға қатысты саясатын өзгертуге мәжбүрлей алмағанын айтты. "Бірақ бұл ұстанған саясатымыздан бас тартуымызға себеп бола алмайды, керісінше, санкцияны ұлғайту арқылы қысымды күшейтуге түрткі болады" деді дипломат.
Кейбір сарапшылар Ресейдің мемлекеттік облигациялар шығаруына қарсы жаңа санкциялар салуды да ұсынды.
5 қыркүйекте Ресей Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың жаңа санкцияларына жауап шараларын дайындайтыны хабарланған.
Тамыздың соңында АҚШ-тың Ресейге Ұлыбританияның Солсбери қаласында ресейлік экс-агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улап, қастандық жасауына қатысты салған санкциясы күшіне енген. Санкция бойынша Ресейге кез-келген мақсатта несие және несие кепілдігін беру тоқтаған. Вашингтонның жаңа санкция салуына байланысты рубль құны күрт төмендеген.
ПІКІРЛЕР