Украина Донбасста ресейшіл сепаратистер қабылайтын 180 қала мен елді мекенде 20 шақты Ресей телеарнасының таралуын тоқтатты. Бұл туралы Украина Жоғарғы Радасының депутаты Ирина Геращенко Facebook-те хабарлады. Оның сөзінше, енді елдің шығысында Ресейдің FM диапазонында таралатын бірнеше радиостанциясын бұғаттау жоспарланып отыр.
Геращенко ресейлік телеарналардың таралуы украин армиясы мен еріктілері жасап шығарған "Серпанок" деп аталатын арнайы құрылғы арқылы бұғатталғанын айтты. Ол мұны "ақпараттық соғыс кезеңіндегі ең маңызды шара" деп атады.
Геращенко кейбір украиналық БАҚ-тың "майдан сыртында мемлекетке қарсы ашық үгіт-насихат жүргізіп отырғанына" алаңдайды.
Украина 2014 жылдан бастап елде ресейлік ондаған телеарнаның таралуын тоқтатқан. Биыл мамырда телеарналардың интернеттегі ресурстары да бұғаттала бастаған. Мәскеу Донецк телемұнарасы мен арнайы құрылғылардың көмегімен Украина шығысында телеарналардың таралуына тыйым салуды біртіндеп еңсеріп жатыр.
ПІКІРЛЕР