Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесіп, оны екі ел арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ-дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Назарбаев Кролдың "АҚШ пен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға ерекше үлес қосқанын және жемісті қызмет атқарғанын" айтты.
"Сіз жұмыс істеген уақытта екі ел арасындағы байланыс күшейді. Экономикалық ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге шықты. Барлық жасалған келісім сәтті түрде іске асып жатыр. Сіздің бұған қосқан үлесіңіз зор" деді Назарбаев Джордж Кролға.
АҚШ елшісі Қазақстандағы қызметі өзіне үлкен жауапкершілік пен құрмет артқанын айтып, атқарған қызметі екі ел арасындағы қарым-қатынастың ары қарай да дамуына сеп болады деген үмітін білдірді.
Назарбаев Кролды Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай марапаттап отыр.
ПІКІРЛЕР