НАТО қазан-қараша айларында қырғи-қабақ соғысы аяқталғаннан бергі ең ірі әскери жаттығуы - Trident Juncture 2018 жаттығуын өткізеді. Бұл туралы альянстың ресми өкілі Оана Лунгеску Twitter-де мәлімдеді. Ол жаттығуға дайындық қызу жүргізіліп жатқанын айтты.
Германиялық DPA агенттігінің мәліметінше, жаттығу НАТО-ның қауіп-қатердің жаңа түріне, оның ішінде "үгіт-насихат пен гибрид соғысының жаңа әдістеріне" жауап беруге қаншалықты дайын екендігін тексеру үшін өткізілмек. Батыс елдері бұған дейін Мәскеуді "гибрид соғысын" жүргізіп отыр деп айыптаған. НАТО құжаттарында одақтастардың ірі көлемде операциялар жүргізу және белгілі бір аумаққа әскер түсіру мен әскери техниканы тасымалдау дайындығын пысықтайтыны айтылған.
Жаттығу екі кезеңде - 25 қазан мен 7 қараша аралығында және 14-23 қараша күндері өткізіледі. Оған НАТО-ға мүше және серіктес 30-дан астам мемлекеттен 40 мың әскери қызметкер, 130 ұшақ, 70 кеме және 10 мыңнан астам әскери техника қатысады. НАТО күштері шарада жаудың Норвегия жағалауынан басып кіруіне тойтарыс беруге жаттығады. Жаттығу Атлант мұхиты мен Балтық теңізінің солтүстік аудандары, оның ішінде Исландияда, Финляндия мен Швецияның әуе кеңістігінде де болады.
Ресей 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алып, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккен соң НАТО әскери жаттығу ауқымын ұлғайтқан. Альянс соңғы рет Trident Juncture жаттығуын 2015 жылы өткізген. Ол кезде жаттығуға 36 мың әскери қызметкер, оның ішінде Украина әскерилері де қатысқан.
11 қыркүйекте Ресейдің Қиыр Шығысында осы ел тарихындағы ең ірі "Восток-2018" әскери жаттығуы басталды. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жаттығуға 300 мыңға таяу әскери қызметкер, 80 кеме, 36 мың бронды техника мен мыңнан астам ұшақ қатысады. Жаттығу 17 қыркүйекке дейін өтеді.
ПІКІРЛЕР