Сирияның Идлиб провициясындағы қарулы топтар Анкара мен Мәскеудің қатысуымен жасалған бітімді және жергілікті тұрғындарды соғыстан қорғау үшін түркиялық одақтастармен әріптестік орнатуға ниетті екендерін білдірді. Бұл туралы АҚШ қолдау танытатын "Азат Сирия армиясының" көптеген фракциялары енген "Еркіндік үшін ұлттық майданы" қозғалысына сілтеме жасап Reuters хабарлаған.
Оның өкілдерінің хабарлауынша, олар Иран және президент Башар Асадтың, "ресейліктердің тарапынан опасыздық" болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Оппозиция мәлімдемесінде егер қарсыластары бітімді бұза қалған жағдайда "өз жерін қорғау үшін қаруды қолда әзір ұстайтыны" айтылған.
Ал Идлибтегі "Хайят Тахрир аш-Шам" деп аталатын ең күшті жиһадшылар тобы Ресей-Түркия келісіміне қатысты пікірін әзірге білдірген жоқ. Бұл ұйымда бұған дейін "Әл-Нусра майданы" аталған және 2016 жылға шейін "Әл-Қаида" террорлық ұйымының аймақтағы бөлімшесі болған топ үстемдік етеді. Вашингтон бұлардың барлығын терроршылар тізіміне енгізген.
Осыдан бір апта бұрын Ресей мен Түркия қазанның 15-інен бастап Идлибтің айналасында 20 километрге дейін соғыстан ада аймақ құру туралы келісімге келген. Келісім бойынша, Мәскеу, Тегеран мен Дамаск Идлиб провинциясын басып алу мақсатын көздейтін бұған дейінгі жоспарынан бас тартулары тиіс. Қазанның 10-ына дейін оппозиция буферлік аймақтан ауыр қару түрлерін түгелдей шығарады деп хабарланған. Аймақты түркиялық әскерилер мен ресейлік әскери полиция қадағалайтын болады.
Бұған дейін Мәскеу мен Дамаск қайткен күнде де Идлиб провинциясын Сирия президенті Башар Асадтың бақылауына қайтару ниеті туралы мәлімдегендіктен, оппозиция бұл жолғы келісімді "жеңіске" балайды. Арасында БҰҰ мен АҚШ-ты қолдайтын коалиция бар халықаралық қауымдастық бұл келісімді құптаған. Әйтпеген жағдайда, олардың пікірінше, үш миллион тұрғыны бар аймаққа көлемді әуе соққысы мен ықтимал химиялық қару қолдану гуманитарлық апат қатеріне ұласу қаупі болған.
ПІКІРЛЕР