81 жастағы америкалық актер әрі режиссер Билл Косби жыныстық бопсалау және зорлау айыптары бойынша үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге сотталды. Бұған дейін алқа соты Косбиді 2004 жылы Темпл университетінің қызметкеріне есірткі салып, зорлады деп таныған.
Ондаған әйел бұған дейін Билл Косбиді жыныстық бопса жасады және зорлады деп айыптаған еді. Бірақ қылмыс мерзімі өтіп кеткендіктен оны жауапқа тарту мүмкін болмаған.
Пенсильвания штатының соты сонымен қатар Косбиді 25 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Қорғаушылары оны жасы егде тартқанына және денсаулығы нашарлығына байланысты үйқамаққа алуды сұраған. Прокурорлар Косбиді "әйелдерге әлі де қауіп төндіреді" деп, оны бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге соттауды сұраған.
Биыл мамырда АҚШ-тың кинематография өнері мен ғылымы академиясы косбиді этикалық нормаларды бұзғаны үшін академия құрамынан шығарған.
Билл Косби 1980 жылдардың ортасында "Косби шоуы" бағдарламасында афроамерикалық Хакстейбл отбасының әкесі рөлінде ойнаған. Ол осы рөлі арқылы АҚШ-та бедел жинап, "Американың бас әкейі" деген құрметке ие болған.
2017 жылы қазанда ондаған актриса Голливуд продюсері Харви Вайнштейнді жыныстық боспа жасады деп айыптаған. Осыдан кейін кино мен саясат саласындағы кейбір басқа да танымал адамдарға осындай айып тағылған.
ПІКІРЛЕР