Македонияда ел атауын өзгертуге қатысты референдум өтіп жатыр. Сайлаушылар елді “Солтүстік Македония” деп атау туралы Грециямен жасалған келісімге қатысты пікірлерін білдіруі тиіс. Жаңа атау елдің НАТО және Еуропа Одағына мүше болуына жол ашады.
Ел атауын өзгертуді бұған дейін парламент мақұлдаған. Алайда, оппозициялық партия мүшесі, ел президент Георге Иванов бұған қарсылық танытқан.
БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөйлеген президент бұл референдумға қатыспауға шақырған. Бойкотқа шақырған кейбір саясаткерлер Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасауды қолдайды. Ал Ресей НАТО-ның ұлғайғанын қаламайды.
Бақылаушылардың пікірінше, референдумның сәтті, я сәтсіз өтуі сайлаушылардың белсенділігіне байланысты. Халықтың елу пайыздан астамы қатысқан референдум өтті деп саналады.
Бұған дейін Македония мен Грекия бұрынғы югославиялық республиканы Солтүстік Македония деп атауға келіскен. Македония премьер-министрі Зоран Заев маусым айында бұл келісім македониялықтардың этникалық және мәдени идентификациясын сақтап қалатынын айтқан. Ал Грекия премьер-министрі Македония мемлекетінің жаңа атауы ұлттық және халықаралық құжаттарда көрсетіледі деп айтқан. Әйткенмен, ел атауын өзгертуге қатысты елде түрлі пікір бар.
Құрамында Македония провинциясы бар Грекия мен бұрынғы Югославиядан 1991 жылы бөлініп шыққан Македония арасындағы дау 27 жылға созылған.
ПІКІРЛЕР