Маңғыстау облыстық сотына жаңа төраға тағайындалып, кейбір қалалық және аудандық соттар төрағалары ауысты.
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы болып 54 жастағы Ержан Даулиев тағайындалды. Президенттің сот төрағасын ауыстыру туралы жарлығымен журналистерді 12 қазанда Қазақстан жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин таныстырды. Ол жаңа төрағаны "принципшіл әрі еңбекқор" деп бағалады.
Ержан Дәулиев бұған дейін Жоғары сот судьясы қызметін атқарған. Сот саласындағы еңбек жолын 2003-2013 жылдары Ақмола облыстық сотының судьясы болып бастаған. Кейін 2016 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болған.
Маңғыстау облыстық сотының бұрынғы төрағасы Жақсылық Аланов туралы ешқандай мәлімет айтылмады. Облыстық соттың баспасөз қызметі оның "өз еркімен жұмыстан кеткенін" мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Мұнайлы аудандық сотының судьясы Бауыржан Тоқабаев көптен бос тұрған Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы, Маңғыстау облыстық экономикалық сотының судьясы Рақымжан Бейсенов Ақтау қалалық №2 сотының төрағасы болып тағайындалды. Маңғыстау облыстық қылмыстық істер сотының төрағасы Азат Ізбасаров Маңғыстау облыстық сотының судьясы болып тағайындалғандықтан бұл орын әзірге бос.
Сонымен қатар Шымкент қалалық сотының төрағасы болып Ербол Рақымбеков тағайындалды. Ол мұның алдында Жоғарғы сот судьясы болған.
ПІКІРЛЕР