Accessibility links

Қоғам сынаса да, қызметінен кетпеген "ең тәжірибелі полицей"


Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Астана қаласы, 14 қыркүйек 2018 жыл
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Астана қаласы, 14 қыркүйек 2018 жыл

Қазақстанның Ішкі істер министрлігін жеті жыл басқарып отырған Қалмұханбет Қасымов "отставкаға кету" туралы үндеу жиілеп, қарамағындағылар қатты сынға ұшыраса да, қызметінде қалды.

61 жастағы генерал-полковник Қалмұханбет Қасымов - Ішкі істер министрі қызметін ұзақ атқарып келе жатқан шенеунік. Бұған дейін бірде-бір ішкі істер министрі ол сияқты қызметте көп отырмаған.

Қасымов 2011 жылы сәуір айында Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Кәрім Мәсімов пен Серік Ахметов премьер-министр болған кезде Ішкі істер министрлігін басқарған Қасымов Бақытжан Сағынтаев премьерлігі кезінде де жұмысын жалғастырып келеді.

Қасымов - тағайындалған мемлекеттік орган жетекшілері арасында қызметте ұзақ отыру жағынан рекордсмен. Ол креслода жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор мен өзге министрлерге қарағанда ұзағырақ отыр.

Фотогалерея: Министр Қасымов пен елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар

ҚОҒАМ НАРАЗЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖАУАБЫ

Қазақстанда полицияның жұмысына қатысты арыз-шағым жиі айтылады. Қоғам ішкі істер органдары тиімсіз жұмыс істейді, қылмыскерлерді қолдайды, жемқорлық жайлаған, тұтқындарды азаптайды деп айыптайды.

Шілденің 18-і күні Алматыда мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапты. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Спортшының өлімінен кейін Қалмұханбет Қасымовтан қызметінен кетуді талап еткен ұрандар көбейді.

Қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желіде полициялардың әрекетсіздігі туралы өмірлік тәжірибелерінен мысал келтіріп, кейбірі "ішкі істер орган қызметкерлері ұрланған заттардан (оның ішінде автобөлшектер де бар) пайда табатын заңсыз бизнеске қолдау көрсетті" деп айыптады.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Денис Теннің өліміне байланысты алғаш рет пікірін 19 күннен соң айтты. Спортшының өлімін "оғаштық" деп атаған министрдің мәлімдемесі қоғамдағы наразылықты баса алған жоқ. Тамыз айының аяғында бастамашыл топ Ішкі істер министрлігі реформасының концепциясын таныстырды. Қасымовты отставкаға кетіру туралы Алматы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес те ұсыныс айтып, кеңестерін Астанаға жіберген.

Тамыз айындағы Атырауға сапары кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Әлемде полицей адам досы болып есептеледі, ал бізде ше?" деген сұрақ қойған. Бұл Ішкі істер министрі Қасымов отставкаға кетуі мүмкін деген сыбыстарды өршітті. Журналистер отставка туралы Қасымовтың өзінен де сұрады. Ол "бәрін президент шешеді" деп жауап берген.

Видео: Қасымовтың "Отставкаға кетесіз бе?" деген сауалға жауабы

Қазанның 5-інде халыққа жолдауында президент Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет "полицейлер жазалаушы емес, қиын жағдайда адамға қамқор көрсетуші болуы керек" деген. Ол ішкі істер министрлігі қызметкерлерін қайтта аттестациядан өткізу керектігін айтып, "штаттық құрамды оңтайландыруға" шақырған. Дәл осы отырыста Назарбаев Қасымовты "ең тәжірибелі полицей", "адал, ар-ұяты бар адам" деп атады.

НАЗАРБАЕВ ҚАСЫМОВТЫ НЕ ҮШІН ҚОЛДАДЫ?

Қалмұханбет Қасымовқа бағынатын қызметкерлер соңғы уақытта бірнеше рет дауға қалды. Күз басталғалы бері елде полиция қызметкерлерінің табельдік қарумен әріптестеріне оқ атқаны туралы екі оқиға (Алматыда және Батыс Қазақстан облысында) тіркелген. Жемқорлықпен күрес қызметі қазан айында жоғары шенді екі полицейдің ұсталғанын хабарлады. Ақмола облысында полицей автобекетке "бұзақылық шабуыл жасады" деген айыппен күдікке ілінді. Жанар-жағар май бекетіне шабуылдан соң ішкі істер министрлігі "қызметкердің заңға қайшы әрекеті үшін" кешірім сұрады. Алайда министр Қасымов бұл сұраққа жауап бермеді. Министр бұған дейін де бірнеше рет журналистердің сұрағына жауап беруден қашқан.

Видео: Министр Қасымовтың "қашқандары"

Азаттық тілшісі әңгімелескен сарапшылардың пікірінше, қоғам сыны мен қарамағындағы қызметкерлер дауына қарамастан БАҚ-қа жабық Ішкі істер министрлігінің басшысы Қалмұханбет Қасымов отставкаға кете қоймайды.

Саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың ойынша, қоғам сынына қарамастан Қасымовты қызметте қалдыру арқылы президент Назарбаев көпшілікке "үйде кімнің қожайын" екенін, кадрлық мәселелер бойынша шешім қабылдаған кезде ешкімнің, тіпті қоғам қысымының да "қауқарсыз" екенін көрсеткен.

Алайда бұл Назарбаев алдағы уақытта Қасымовты отставкаға жібермейді дегенді білдірмейді. Сәтпаевтың пікірінше, Қасымов салмақты күштік құрылым жасап, күштік бөлімдердегі тепе-теңдікті бұзып тұр. Саясаттанушы 2011 жылы маусым айында Қасымов министр болып тағайындалғаннан кейін үш айдан соң қылмыстық-атқару жүйесінің Әділет министрлігінен Ішкі істер министрлігіне "қайтарылғанын" еске салады. Бұған қоса, үш жылдан соң ол министр болып тұрған кезде Төтенше жағдай министрлігі таратылып, оның қызметін атқаратын төтенше жағдай комитеті Ішкі істер министрлігіне қарайтын болды.

Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, күштік құрылымдардағы тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін президент 2016 жылы желтоқсан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бұрынғы премьер-министр, ықпалды саясаткер Кәрім Мәсімовты тағайындауға мәжбүр болған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов

- Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында әдеттегідей бәсеке жүріп жатыр. Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруға келген соң Қасымов сияқты өкілетін күшейтуге шындап кірісті. Қасымовтың кезінде Ішкі істер министрлігі көп сегментті бақылайтын "алып монстрға" айналса, Мәсімовтің тұсында ҰҚК түрлі сегменттерде ықпалын арттырды. Қазір Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті күштік блок тұрғысынан алып қарағанда нөмір бірінші ойыншы статусы үшін тең дәрежеде таласа алады, - дейді саясаттанушы.

Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің пікірінше, Назарбаев Қасымовқа бағынатын қызметкерлердің қандай екенін жақсы біледі, сол себепті президент Қасымовқа иек арта алады, мұнысын оны қызметінде қалдыру арқылы дәлелдеген. Косаревтің пікірінше, министр күрделі кадрлық қиындықтарға қарамастан ішкі істер министрі алдына қойған міндеттерді ойдағыдай атқара алады.

ҚАСЫМОВ КЕЗІНДЕГІ МИНИСТРЛІК

Полиция жұмысын жиі сынайтындардың бірі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Қасымов кезінде полицейлердің кәсіби деңгейі төмендеген. Оның сөзінше, полицейлер азаматтық белсенділерге қарсы жалған әкімшілік және қылмыстық істер қозғап, заңға қайшы әрі сауатсыз түрде әрекеттер жасаған.

- Полицейлердің сауаты, тәрбиесі нашар. Қазіргі кезде азаматтар бандиттерден гөрі полицейлерден көбірек қорқады. Полиция өз беделдерін өздері түсіріп алды, азаматтардың сенімін жоғалтты. Олар қазір полицейлермен мүлде байланысқысы келмейді, себебі кез келген адам өтініш берушіден айыпталушы статусына айналуы мүмкін, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Шымкентте полицейлер базардың сүрілуіне қарсылық танытып тұрған әйелді ұстап жатыр. 30 шілде 2018 жыл
Шымкентте полицейлер базардың сүрілуіне қарсылық танытып тұрған әйелді ұстап жатыр. 30 шілде 2018 жыл

Парламенттің бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер, 2000 жылдардың басында "жас түріктермен" бірге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы қатарында болған Зәуреш Батталованың айтуынша, Қалмұханбет Қасымов елдегі ең саяси қала - Алматы қаласының ішкі істер департаментінің басшысы болған, сол уақытта оппозицияны қудулаушы ретінде "көзге түскен".

- Өкінішке қарай, Қасымов ішкі істер министрі болған кезде қоғамдық тәртіп, Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздік жағдайы жақсарған жоқ, қайта нашарлай түсті, - дейді Батталова.

Зәуреш Батталованың пікірінше, министрдің "ұзақ жасауының" сыры - ең бірінші кезекте оның қоғамдағы кез-келген оппозициялық әрекетті қудалау бойынша "таптырмас маманға" айнала алуында. Бұған қоса, ол саяси тұтқындарға қысым жасау үшін түрме жүйесін қолдану бойынша да "білікті маман".

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дувановтың ойынша, авторитарлық режимнің бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын, қарапайым тұрғындар емес, элитаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштік жүйе құрған Қалмұханбет Қасымов Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін "адал нөкер" ретінде көрсете білді. Сол себепті Қасымов кезінде полиция "адамдардың досы" бола алған жоқ деп санайды Сергей Дуванов.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG