Accessibility links

Құрылысы бітпеген үйді паналаған отбасы


Құрылысы бітпеген пәтерде сегіз баласымен тұрып жатқан Бақтыгүл Асылбекова. Астана, 9 қаңтар 2017 жыл.
Құрылысы бітпеген пәтерде сегіз баласымен тұрып жатқан Бақтыгүл Асылбекова. Астана, 9 қаңтар 2017 жыл.

Астанада салынып бітпеген көпқабатты үйде сегіз баласымен тұрып жатқан ана басқа барар жері жоғын айтып шағынады. Үй салуға міндеттеме алған кооператив ішінде дау шығып, құрылыс тоқтап тұр.

СУЫҚ ҮЙДЕГІ СЕГІЗ БАЛА

Астаналық Бақтыгүл Асылбекова қала шетіндегі құрылысы аяқталмаған «Көктал-2» тұрғын үй кешеніндегі суық пәтерде сегіз баласымен тұрып жатыр. Әйелдің 17 жастағы үлкен ұлы арнайы орта оқу орнында білім алады, төрт баласы мектепте оқиды, қалған үшеуі әлі мектеп жасына толмаған, кенжесі бір жастан енді асқан.

Бақтыгүл Асылбекованың сөзінше, бұрынғы күйеуі Амангелді Жұмабай 2016 жылғы қаңтардың 29-ы күні «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативімен көлемі 55 шаршы метрлік пәтерді сатып алу туралы келісім-шартқа отырып, пәтер құны - 10 миллион теңгені сол кезде төлеп қойған. Қазір сегіз баланы жалғыз өзі бағып отырған әйел Астанада баспана жалдауға шамасы жетпеген соң әлі бітпеген үйдегі пәтерге өткен жылы қарашаның 25-інде сегіз баласымен көшіп алғанын айтады.

- Қыстыгүні жалдамалы пәтерімізден шығарып жіберген соң осында көшуге мәжбүр болдық. «Төленді» тұрғын үй кооперативі басшылығынан пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат алған соң осында кіріп алдық, - дейді ол.

ВИДЕО: Салынып бітпеген үйдегі көпбалалы отбасы

Салынып бітпеген үйдегі көпбалалы отбасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

Жылу, су және кәріз жүйесі әлі қосылмаған аңғал-саңғал үйдің төртінші қабатындағы пәтердің үлкен бөлмесінде киім-кешектер буулы-түюлі жатыр, бір бұрышта үстіне азық-түлік қойылған үстел тұр. Жатын бөлмедегі диван мен қос кісілік төсек үстінде үйелмелі-сүйелмелі бірнеше бала сырт киімдерімен отыр. Ас бөлмедегі қарабайыр электр пешінің пайдаланылмағанына біраз уақыт болғанға ұқсайды.

Бақтыгүлдің айтуынша, олар суды сырттан тасып, бөлмені электр жылытқыштармен жылытып келген. Жаңа жылдан кейін үйді электр қуатынан ажыратып тастаған соң көпбалалы отбасының күнкөрісі мүлде қиындап кеткен.

Мұнда біз келгенде электр қуаты бар еді. Қаңтардың 6-сы күні электрден ажыратып тастады. Қазір даладай суық үйде кір жуып, тамақ пісіруге мүмкіндік жоқ, балаларды мектепке жібере алмай отырмын.

- Мұнда біз келгенде электр қуаты бар еді. Қаңтардың 6-сы күні электрден ажыратып тастады. Қазір даладай суық үйде кір жуып, тамақ пісіруге мүмкіндік жоқ, балаларды мектепке жібере алмай отырмын, - дейді ол.

Былтыр қазанда күйеуінен ажырасып кеткен Бақтыгүл ай сайын алатын 64 мың теңге (шамамен 190 доллар – ред.) сегіз баланы асырауға жетпейтінін айтып шағынды.

- Бұрынғы күйеуімнен алиментке 35 мың теңге, үкіметтен «Алтын алқам» үшін 13 мың теңге және балаларға 16 мың теңге жәрдемақы аламын. Өзім жұмыссызбын, - дейді ол.

ДАУЛЫ ҚҰРЫЛЫС

Астанадағы көпқабатты қос ғимараттан тұратын «Көктал-2» тұрғын үй кешені құрылысы 2013 жылы басталған. Тоғыз қабатты үй толық салынып бітіп, оның 175 пәтеріне тұрғындар қоныстанып алған. Ал 112 пәтерлік бес қабатты үйдің құрылысы әлі толық аяқталмаған.

«Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі басшылығы Азаттыққа көрсеткен құжатта көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысы 2016 жылы төртінші тоқсанда бітуі тиіс деп көрсетілген. Бірақ үй құрылысы белгіленген мерзімде бітпей қалған.

2016 жылғы сәуірде тергеу орындары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі төрағасы әрі «Астана Строй Билд» ЖШС басшысы Айдын Байжұмановтың үстінен «пәтерлерді екі рет сатып, алаяқтық жасаған» деген айыппен іс қозғаған. Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты 2016 жылы желтоқсанның 12-і күні Айдын Байжұмановты айыпты деп танып, оны бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру және сотталушыға бес жыл сынақ мерзімін тағайындау туралы үкім шығарған.

Бақтыгүл Асылбекова ауыз суды осы бөшкелерде толтырып пайдаланады. Астана, 9 қаңтар 2017 жыл.
Бақтыгүл Асылбекова ауыз суды осы бөшкелерде толтырып пайдаланады. Астана, 9 қаңтар 2017 жыл.

Құрылысы бір тоқтап, бір жалғасып келген «Көктал-2» тұрғын үй кешенінде қазір жұмыс тоқтап тұр.

- Құрылыс тиісті рұқсат қағаздарының жоқтығынан тоқтап тұр. Алдында Астана әкімдігі құрған ведомствоаралық комиссия хаттамасының негізінде жұмыс істеп келгенбіз, - дейді «Астана Сити Билд» ЖШС бас директоры және «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі төрағасы міндетін атқарушы Арман Касымов. Ол құрылыстың қашан жалғасатыны белгісіз дейді.

Қазіргі кезде «Төленді» мен «Жаңа Көктал» кооперативтері арасында тартыс жүріп жатыр.

- Үлескерлер есебінен алынған жерді Айдын Байжұманов жеке өз атына ресімдеп қойған. Бұл жерге арест салу туралы тоғыз шешім шыққан. Біз, менімен қосқанда 275 үлескер, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрамынан шығып, жерді «Жаңа Көктал» кооперативі атына ресімдеуді сұрап прокуратураға арыз бердік. Қалған құрылыс жұмыстарын бес қабатты үйдегі әлі сатылмаған он екі пәтердің есебінен өзіміз салып бітіреміз, - дейді «Жаңа Көктал» кооперативі жетекшісі Айман Ахметова Азаттыққа.

Қалған құрылыс жұмыстарын бес қабатты үйдегі әлі сатылмаған он екі пәтердің есебінен өзіміз салып бітіреміз.

«Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі және «Астана Строй Билд» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Айдын Байжұманов қазір сот шешімі бойынша үйқамақта отырғандықтан, онымен байланысу мүмкін болмады.

«Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі төрағасы және «Астана Сити Билд» ЖШС басшысы міндетін атқарушы Арман Қасымов «Жаңа Көктал» тұрғын үй-құрылыс кооперативі жетекшісі Айман Ахметованы «131 миллион теңгенің есебін бермеді» деп айыптап, оның үстінен 2016 жылдың шілдесінде құзырлы органдарға шағымданғанын айтады. Ахметова өзіне тағылған айыптарды теріске шығарады. Тұрғын үй кешені құрылысын салуға жауапты тараптардың өзара дау-дамайы әлі жалғасып жатыр.

Астана қалалық әкімдігі «Көктал-2» тұрғын үй кешеніне қатысты Азаттықтың жазбаша сауалына үш күннен кейін де жауап бермеді.

Суық пәтерді сегіз баласымен паналап отырған Бақтыгүл Асылбекова тұрып жатқан үйге электр қуатын қайта қосуды немесе өз отбасына уақытша баспана беруді сұрап «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативі басшылығымен тағы да кездескенін айтады.

- Олардан уақытша басқа баспана беруді сұрадым. Көмектесеміз дегендей болды. Қазір жылуы бар, балалардың мектебіне жақын жерден үй іздеп жүрмін. Бірақ қашанға дейін жалдап беретінін кім білсін, құрылыс қашан бітетіні белгісіз ғой, - дейді Бақтыгүл Асылбекова. Қазір сегіз балалы отбасы «Көктал-2» тұрғын үй кешеніндегі 9 қабатты үйдегі көршілерінің пәтеріне аязды күндері бір-екі күнге сұранып кіріп, жан сақтап жүр.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 9 мың адамның мүддесін қозғайтын 59 проблемалық тұрғын үй кешені бар. Оның ішінде 42 нысан мен 7 мың үлескер - Астана қаласында.

XS
SM
MD
LG