Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы журналист Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері - ұлы Олег Бендицкий мен қызы Екатерина Бендицкаяның апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері шағымында Ақпарат және коммуникация министрлігі ақпарат комитетінің 2018 жылы 18 сәуірде "Ratel.kz сараптамалық интернет порталын" тіркеуге қою жөніндегі куәліктің күші жойылғаны туралы" шығарған бұйрығын заңсыз деп тануды және оны жоюды сұраған.
Апелляциялық сот отырысы аяқталған соң Олег Бендицкий Азаттық тілшісіне кассациялық шағым түсіретінін айтты.
Бұған дейін Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері ақпарат комитетінің үстінен Әуезов аудандық сотына азаматтық шағым түсіріп, 13 шілдеде сот оны қанағаттандырмай тастаған.
Журналист Геннадий Бендицкий 2017 жылы желтоқсанда қайтыс болған. Медеу аудандық соты 28 мамыр күні қалалық прокуратураның Ratel.kz интернет-порталының бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымын қанағаттандырған. Прокуратура шағымында "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатуды, оны тіркеуді жоюды және Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жыл тыйым салуды сұраған. Прокуратураның айтуынша, былтыр желтоқсанда доменнің иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болғаннан кейін редакция материалдарды Ratel.kz доменін пайдаланып, бірақ тіркелушінің есептік деректерін өзгертпей жариялай берген.
ПІКІРЛЕР