Accessibility links

"Қызметкерлері артық жұмыс істейтін" Ақтау әкімі ескерту алды


Маңғыстау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиев. Ақтау, 23 қараша 2018 жыл
Маңғыстау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиев. Ақтау, 23 қараша 2018 жыл

Ақтау қаласы әкімдігі қызметкерлерінің тең жартысы жұмыс уақытынан кейін де қалып артық жұмыс істейтін болып шықты. Олардың 36,3 пайызы демалыс күні де жұмыс істеуге мәжбүр. Осыған байланысты қала әкімдігіне ескерту жасалған. Мұндай фактілерді 23 қараша күні журналистерге Маңғыстау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті жария етті.

Мекеме басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиевтің айтуынша, жыл басынан бері екі рет: тамыз бен қазанда жасалған сауалнамаға облыстағы 271 мемлекеттік мекеме қатысқан. Мемлекеттік қызметкерлердің 36,3 пайызы «Жұмыс уақыты аяқталған соң жұмыс орынында жиі отырасыз ба?» деген сауалға «Жиі және тұрақты отырамыз» жауап берген. Ал 25 пайызы жұмысының көптігінен, қалғандары үлгермегендіктен кеш қалатындарын айтқан.

Меңдалиев Ақтау әкімдігінен бөлек, қызметкерлері жұмыс уақытынан тыс көп жұмыс істейтін мекемелер ретінде Маңғыстау облысы әкімдігінің білім, мәдениет, спорт, табиғат қорғау және қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерін атады.


- Ақтау қаласы әкімі әдеп кеңесіне шақырылып, ескерту берілді. Қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық мекемесінің төрт қызметкері демалыс күні де жұмыс істеуге шыдамай жұмыстан шығып кеткен. Олар арыздарында солай деп жазған, - деді Ерлеген Меңдалиев.

Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, келесі жылдан бастап артық жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлерге өтемақы төленеді.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің сауалнамасына 2600 мемлекеттік қызметкер қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG