Астанада қарашаның 26-сы күні Қытайдан Қазақстанға көшіп келген бір топ адам жиналып, журналистерге туыстарының Қытайдан қайта алмай отырғанын айтып шағымданды. Журналистер үйіне жиналғандар туыстары Қазақстаннан ықтиярхат алып, Қытайға барған соң кері қайта алмай қалғанын айтты. Олардың естуінше, Қытайда туыстарынан ықтиярхаттары мен құжаттарын тартып алған.
Жайнар Серікқызының Азаттыққа айтуына қарағанда, 82 жастағы атасы Рәш Қазбекұлы Қазақстанға 2016 жылы қоныс аударып, ықтиярхат алған, азаматтық алып үлгермеген. Былтыр қыркүйекте Қытай билігі оны құжаттарын тіркетуге шақыртқан. Қытайға барған соң одан құжаттарын тартып алып, өзін шығармай қойған. Жайнар Серікқызы мұның алдында әкесінің інісін Қытай билігі шақырып, ол жаққа барған соң бірден ұсталғанын айтады. Содан бері әкесінің інісінен хабар болмаған.
Жиналғандар бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен туыстарын босатуға көмектесуін сұрағанын айтады. Бірақ министрлік "Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтқан. Жиналғандар туыстары Қазақстан азаматтығын алмағанымен, өздерінің Қазақстан азаматы екенін айтып, мәселе екі елге де ортақ деп санайды.
2017 жылдың сәуірінен Қазақстан ақпарат құралдарында Қытай қазақтарының қысымға ұшырағаны туралы жиі айтыла бастады.
Қытай этникалық азшылық өкілдерін саяси лагерьлерге топтап қамайтыны жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен түрлі елдердің баспасөзі жазып келеді.
Қазанның 16-сында Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир "осындай орталықтардың арқасында аймақ діни экстремистік әрекеттерден аман қалғанын, қазір жағдайдың қауіпсіз әрі тұрақты екенін" айтқан. Закирдің сөзінше, мұндай орталықтарда отырғандар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі) меңгеріп, заманауи ғылым үйренеді. Саяси лагерьлерді "тегін кәсіп үйрену орталықтары" деп сипаттаған шенеунік мұнда "мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де" айтқан.
ПІКІРЛЕР