АҚШ ғарыш агенттігінің (NASA) Марстың ішкі қабаттарын зерттейтін InSight аппараты 26 қарашада ғаламшарға қонды. Марс экваторына жақын аумаққа қонған аппарат бірнеше минуттан соң ғаламшарда өзін-өзі түсірген суреттерін жібере бастады.
Ғалымдар InSight Марс атмосферасында шамамен жеті минуттай қалқып тұрып, жайлы қонғанын айтады. NASA Марсты зерттеу миссиясын алты жылдан бері бірінші рет ұшырып отыр. Миссия Жерден 301 миллион миль қашықта орналасқан Марсқа алты ай ұшты. Миссия құны миллиард долларға бағаланып отыр.
InSight Марста екі жыл (Марстағы уақыт бойынша бір жылға тең) болып, ғаламшардың қалай пайда болғаны, Жердің пайда болуы туралы мәліметтер жинайды деп жоспарланып отыр.
Миссия негізінен бір кездері салыстырмалы түрде алғанда жылы, ылғалды ғаламшар болған Марс не себепті құрғақ, шөлді, суық және тіршілік белгісі жоқ ғаламшарға айналғанын анықтауға тырысады.
NASA InSight миссиясы адамның 2030 жылдарға қарай Марсты түпкілікті зерттеуіне жол ашады деп үміттенеді.
ПІКІРЛЕР