Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің есебі бойынша, жемқорлық кесірінен елдің ішкі жалпы өнімі жыл сайын жоғалтатын қаржы 3,8 миллиард долларды құрайды. Жемқорлық дендеген мекемелер ретінде бұрынғысынша Ішкі істер және Қаржы министрліктерін атайды.
180 ЕЛДІҢ ІШІНДЕ 122-ОРЫНДА
Transparency International (TI) халықаралық ұйымының жыл сайын жариялайтын Жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 2017 жылы 180 елдің арасынан 122-орында аталған. Бұл тізімде Қазақстан өзімен бір аймақтағы Қырғызстан (135), Ресей (135), Өзбекстан (157), Тәжікстан (161) мен Түркіменстаннан (167) озған. Оған дейін, 2016 жылғы есепте Қазақстан Иран, Непал, Ресей және Украинамен бірге 131-орынды иеленген болатын.
2018 жылғы есеп әлі жарияланған жоқ.
Қазақстандағы жемқорлық (видео - орыс тілінде)
Қазақстан Бас прокуратурасы биылғы жыл басынан өткен 9 айда елде 2626 коррупциялық құқықбұзушылықты тіркеген. Орташа есеппен күніне 10 оқиғадан келеді. Жемқорлық қатты дендеген мекемелер ретінде бұрынғысынша Ішкі істер министрлігі, Қаржы министрлігі мен әкімдіктер аталады. Бірақ биыл Қазақстан Энергетика министрлігінің бұл мәселеде "аты шықты". Қазірге кезде үш бірдей вице-министрге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қарашаның басында Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров 2015-2017 жылдары Қарағанды облысындағы Сарань қаласының әкімі болып қызмет атқарған, таяуда ғана энергетика вице-министрі болып тағайындалған Анатолий Шкарупаға "заң тұрғысынан қатаң айып бар" деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Шкарупа 2015 жылы есептегіш құрал-жабдықтарды орнатуға бөлінген 215 миллион теңгені ықтимал жымқыруға қатысы бар деген күдікке іліккен. Бұған қатысты тергеу басталып, қарашаның ортасында Анатолий Шкарупа ұсталған.
Қазанның басында үкімет қаулысымен энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалғанға дейін Шкарупа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып істеген. Шкарупаға дейін энергетика вице-министрі болған Бақытжан Жақсалиев биыл шілдеде Ақмола облысы аумағындағы шипажайда көлді тазарту жобасында болған ықтимал сыбайлас жемқорлықты тергеу аясында үйқамаққа алынған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік Жақсалиевтің "қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған" және "мемлекетке 746 миллион теңге зиян келтірген" деген күдікке ілінгені туралы мәлімдеген. Оның алдында, биыл наурызда, Қазақстан энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков "қаржы жымқырды" деген күдікпен ұсталған. Кейін Астана соты күдіктілерді үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім шығарған.
САРАПШЫЛАР ҰСЫНЫСЫ
Transparency International (TI) халықаралық ұйымы өткізген сауалнама қорытындысы бойынша, әлемде әрбір төртінші тұрғын соңғы бір жылдың ішінде кемінде бір рет пара берген. Сауалнамаға әлемнің 119 елінде тұратын 162 мың адам қатысқан. Жауап бергендердің 57 пайызы өз елдерінде үкіметтің жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан күресіне көңілдері толмайтынын білдірген.
Желтоқсанның 7-і күні Астанада өткен халықаралық конференцияда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстанда коррупцияға қарсы саясат ағарту, алдын алу және жазалау тәрізді үш бағыт бойынша жүзеге асырылатыны туралы мәлімдеген. Ол жемқорлыққа қарсы күрес саласында сарапшылар ұсынып отырған құралдарды мұқият зерттеуге уәде берген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі сөзіне сілтеме жасаған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Жемқорлыққа қарсы желісінің жоба жөніндегі менеджері Екатерина Згуладзенің пікірінше, Қазақстан полициядағы процестерді сандық жүйеге көшіру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында тұрмыстық коррупцияны жою қажеттігіне назар аударуы керек.
"Нәтижені тезірек көрсету қажет болатын үш сала бар. Біріншісі - полиция. Өкінішке қарай, Қазақстанның технологиялық дамуы кезінде Ішкі істер министрлігі дерек базасының көп бөлігі сандық жүйеге көшірілмей, әлі қағазда қалып отыр. Яғни, [бұл] процесс технологиялық, клиентке бағдарланған әрі жылдам болуға тырысып жатқан елде басқаларға кері бағытта кетіп барады", - деген Грузия мен Украина ішкі істер министрліктерінде жұмыс істеген тәжірибесі бар Екатерина Згуладзе.
Бұған қоса сарапшылар Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің стратегиялық жоспарлауын жаңғыртуды, бағалау және мониторинг институтын дамытуды, жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның жазалаушы функциясын күшейтіп, Агенттік өкілетін кеңейтуді ұсынған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жемқорлық айыбымен сотталғандардың мемлекеттік лауазымды қызметті атқарудан қанша мерзімге шеттетілгенін нақты көрсетіп тізімдерін жариялау, секторды коррупцияға қарсы күреске азаматтық секторды белсенді түрде тартуды жалғастыру қажет.
Ресми орындардың мәліметі бойынша, 2001 жылдан бері Қазақстанда жемқорлық іс-әрекеттерімен құқық бұзғаны үшін 11 мыңға жуық шенеунік жауапқа тартылған.
БҰҰ-НЫҢ КОРРУПЦИЯҒА ҚАРСЫ КОНВЕНЦИЯСЫ
2003 жылы желтоқсанның 9-ы күні Мексиканың Мерида қаласында өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда БҰҰ-ның коррупцияға қарсы конвенциясы (БҰҰ Бас Ассамблеясы 2003 жылы қазанның 31-інде қабылдаған) мүше мемлекеттерге қол қоюға ұсынылып, екі жылдан соң, 2005 жылы желтоқсанда күшіне енген. Қазіргі кезге дейін осы конвенцияға 186 ел қосылған. Қазақстан бұл құжатты 2008 жылы мамырда ратификациялаған.
БҰҰ-ның коррупцияға қарсы конвенциясында жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар, кінәлілерді жазалау, сонымен бірге жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған. Құжат оған қосылған мемлекеттерді коррупцияға қарсы күресетін саясат жүргізуге, тиісті заңдарды қабылдауға және бұл келеңсіз құбылыспен күресу үшін арнайы органдар құруға міндеттейді.
Конвенцияға сәйкес, оған қатысушы әр мемлекет танымал лауазымды тұлғаларды тиісті органдарға қызметтен тыс жұмысы, инвестициялары мен активтері туралы декларация тапсыруға міндеттейтін шаралар қабылдауы тиіс.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, коррупция кесірінен әлемдік экономика жыл сайын бір жарым триллион долларға жуық (ғаламдық ЖІӨ-нің екі пайызы) қаржы жоғалтады.
ПІКІРЛЕР